Балабақшада бір прокурор температураны тексеріпті. Екінші прокурор асханадағы қасықты санаған. Бұл туралы Бас прокурор Жақып Асанов Астанада өткен жиында мәлімдеді.
Jasqazaq.kz сайтының Астанадағы тілшісі хабарлағандай, Жақып Асанов осы жиында «Біз былтырдан бері үлкен күрделі нәрсеге тіреліп қалдық. Қаншама талқылау болды. Бүкіл система болып бір мәселені шеше алмай келеміз. Неше түрлі талқылаулар болды. Біздің ведомстволық портал бар. Сол жерде неше түрлі әлеуметтік сауалдар, сауалнамалар жүргізіп, мамандар мен ғалымдарды шақырып бір пікірге бүгінгі күнге дейін келе алмай отырмыз. Сонда іздегеніміз не? Іздегеніміз – стратегия мен миссия. Прокуратураның стратегиясы мен миссиясы қандай болу керек? Осы сұраққа жауап таппай, осыны анықтамай прокуратура жалпы не үшін керек екенін айту қиын. Біз жай орган емеспіз. Конститутциялық статусымыз бар. Ал осындай органда нақты стратегия болмаса, белгілі бір мақсат, миссия болмаса, одан не күтуге болады? Біз қызметкерлерімізге бір мақсат көрсетпесек, олар қай жаққа ұмтылады? Бұл қараңғыда жол таппай жүргенмен тең емес пе? Немесе теңізде жел қай жаққа соқса, сол жаққа кететін қайық сияқты ғой. Сондықтан біз өте күрделі мәселеге жауап таппай отырмыз. Прокуратура мемлекет үшін, адам үшін, қоғам үшін неге керек екенін білмей біздің жұмысымыз еш уақытта тиімді болмайды. Неге біз осы стратегияға тіреліп қалдық. Мұның басты себебі заңдарымызда прокуратураның нақты құзыреті айқындалмаған» — деді.
«Шынын айтсақ, шашылып кеттік. Араласпайтын іс, мұрын тықпайтын жер қалмады. СЭС-те боламыз, районо да бізбіз. Райсобез де өзіміз. «Екі қайықтың басын ұстаған, суға кетеді» дейді ғой. Біз де барлығына үлгереміз деп сондай бір пысық келін болғымыз келеді. Соның кесірінен халқымыздың жанына батып, халықтың көңіліне қатты тиіп жүрген мәселеден біз шетте қалдық», — дейді Ж.Асанов.
Жалпы прокуратураның араласпайтын, тексермейтін саласы жоқ екенін айта келе, «Балабақшада бір прокурор температураны тексеріпті. Екінші прокурор асханадағы қасықты санапты. Үшіншісі мектепке барып, кластың журналына тисіпті. Дұрыс емес қой. Бірақ мен бұл прокурорларды түсінемін. Мен де өзім қалалық прокуратурада жұмыс істедім. Онда үлкен есеп бар. Есепте графа көп. Ол графаларды толтырмсаң, көрсеткіш болмаса, ертең облыстық прокуратура сені қатты сынға алады. Жұмысыңнан алып тастауы мүмкін. Сондықтан амал жоқ, бірнәрсе істеу керек. Қималдау керек. Сосын оларды тексереді. Әйтеуір тырнақтың астынан кір іздейді», — деді Жақып Қажыманұлы.
«Кез-келген саланың шаруасына араласуына байланысты былтырдың өзінде 350 мың арыз түскен екен. Мұны қарауда қандай сапа болсын. Әрине, біз арыздан қашпаймыз, одан құтылайық деп тұрған да ой жоқ. Керісінше, осыдан бір ай бұрын халықты қабылдайтын арнайы орталық аштық. Онда адвокат жалдауға ақшасы жоқтықтан сотқа арыз жаза алмай жүрген адамдардың арызын жазып беріп жүрміз. Бұл біздің – міндетіміз емес. Егер заң қабылданса, біздің бір міндетіміз болады, ол – халықтың сенімін ақтау. Бұл заңда алғаш рет қарастырылып отыр. Осындай орталықтарды барлық облыстық орталықтарда құрамыз. Келешекте аудандарда, қалаларда болады. Бас Прокуратураның бірінші қабатын халыққа берейік деп отырмыз. Олар еш кедергісіз көшеден кіретін болады. Ол орталықта халыққа құқық қорғау қызметтерін көрсетеміз. Адам наразы болса, шағымын полиция қарай ма, прокуратура қарай ма, сот қарай ма қайдан білсін. Барлығының маман болуы міндет емес қой. Біз билік оларға жағдай жасауымыз керек. Сондықтан барлық әріптестерімізді нақты проблеманы шешуге көшіреміз. Кейбіреулер прокуратураның билігі әлсіреп жатыр ма деп ойлайды. Жоқ, біз керек емес, коррупцияға жол ашатын тексерулерден құтыламыз. Прокурорлар бизнесті тексеруді қояды. Олардың мұндай құқы да болмайды. Мемлекеттік органдарды, айналып келіп әкімдікті, олардың жанындағы бөлімдерді тексере беруден құтыламыз. Бірақ халықтың жанына бататыны, ең көп шағымданатыны – тергеу мен соттың үкімдері. Бұл жұмысты біз шетте қалдырдық. Шегі жоқ тексерулермен айналысамыз деп, күш те, уақыт та тап осы тергеуге жетпей жатыр. Сондықтан жуықта Елбасының тапсырмасымен қылмыстық процессуалдық кодекске жаңаша көзқараспен қарау мақсатындағы арнайы топ құрылды», — дей келе жаңа заң жобасы бойынша прокуратура қоғамдық мүддені қалай қорғайтындығы тоқталды Бас Прокурор.