Қарағанды облысына қарасты Сәтпаев қаласында тұратын 68 жастағы зейнеткер өзінің 16 жастағы немересін пышақтап өлтірген. Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, зейнеткер әйел өзінің қызы мен немересін татуластырмақ болған. Бірақ оқиға қайғылы қазамен аяқталған. Бұл туралы qasym.kz хабарлады.
Қанды оқиға орын алған күні әжей жеміс-жидекті аршып отырады. Дәл сол сәтте төргі үйден қызы мен 16 жастағы немересінің ұрысып жатқанын естіген. Дереу арашаламақ болып үйге кіреді. Бұл кезде жасөспірім жігіт өзінің туған анасын ұрып жатқан болатын. Үйдегі жанжал енді әжесі мен немересінің арасында өрбіген. Жас бала әжесінің сабырға шақырған сөзін құлағына ілместен, оны кеудесінен итеріп, ұрмаққа ұмтылады. Бұған ашуланған зейнеткер қолындағы пышағын сілдеп, жасқамақ болған. Бірақ пышақ жасөспірімнің жүрек тұсына тиген. Жігіт оқиға орнында көзжұмды. Қазір аталмыш іс бойынша тергеу амалдары аяқталып, іс сот өндірісіне жіберілген.