Ұсақ-түйек емес: шұлық өндірісіне де қолдау қажет!

27 наурыз, 16:38

Бүгін Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев жақсы мәселе көтерді. Бұрын айтылмаған, айтылса да, көлеңкеде қалып қоятын тақырып. Премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында ол шұлық өндіретін отандық кәсіпорындарды қосымша құн салығынан босатуды ұсынды.

Депутат келтірген мәлімет бойынша, елімізде тоқылған және трикотаж шұлық бұйымдарын өндірумен 24 заңды тұлға айналысады. Оның ішінде біреуі ғана орта бизнес, қалғаны шағын бизнес қатарында. Барлығы жабылса да тұрғындарды шұлықпен 100 пайыз қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан шұлықтың 80 пайызы шетелден жеткізіледі.

Тұтынушы ретінде мұны өзіміз де көріп жүрміз. Ірі дүкенде де, базарда да басқа елдің шұлығы самсап тұр да, өзіміздікі жоқ. Сонау моңғол елінде түйе жүннен тоқылған «нәскиді» де шекесінен шертіп жүріп алуға болады. Тек кей дүкенде ғана Қарағандыда шығатын шұлықты әрең табасың. Синтетика емес, мақтасы көп осы отандық шұлықтың сапасы шетелдікінен асып түспесе, бір де кем емес.

Депутат: «Импорт тауарлар өте арзан бағада болғандықтан, жоғары сұранысқа ие. Сол себепті отандық өндірушілер импорттық өнімдермен бәсекеге түсе алмайды. Импорттық өнімнің басым бөлігі төмен бажбен әкелінеді. Бұған Қазақ-Қытай шекарасындағы экономикалық және контрабандалық сипаттағы құқық бұзушылықтар да ықпал етеді», — дейді.

Сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп саласындағы отандық кәсіпорындар 12 пайыз салық төлейді. Бұл да өнім бағасына әсер ететінін сөзсіз. «Былтыр отандық кәсіпорындар басқа елдерге 9,9 млн доллардың 490,9 тонна шұлық өнімдерін экспорттады. Бұл өте төмен көрсеткіш», — деген депутат Қытайдың жеңіл өнеркәсіпті қолдау саясатын мысалға келтірді.

Депутат өз сауалында шұлық өндіретін қазақстандық кәсіпорындарды ішкі нарықта алынатын қосымша құн салығынан босатуды сұрады.

Сондай-ақ ол өндірушілерге шығарылатын өнімнің салмағына қарай мемлекеттік субсидия бөлуді, 3 пайыздан аспайтын жеңілдетілген несие беруді, шекарадағы экономикалық және контрабандалық қылмыстарды жоюды, жергілікті кәсіпорындар өндіруге дайын жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің жекелеген түрлерінің импортына баж салығын ұлғайту туралы ұсыныс білдірді.
Былай қарағанда, шұлық өндірісі соншалықты маңыз беруді қажет етпейтін ұсақ мәселе болып көрінуі мүмкін. Бірақ бізде көйлек-көншек, жемпір-бешпетті айтпағанда, іш киім де шықпайды ғой! Енді осы туралы депутаттық сауал жолданса деген «жаман» ойымыз бар…

Наргүл Мырзахмет

29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу
23 шiлде, 12:11
Түркістан: Миллиондаған қарызы бар борышкер мен мас жүргізуші құрықталды
23 шiлде, 12:06
Түркістан: «Таза Қазақстан» аясында 21 000-нан астам құқық бұзушылық анықталды