Ұлы тұлғалармен сұхбат

24 тамыз 2018, 12:21


Парасатты Ғабит Мүсіреповпен кездесу

… Бұл оқиға 1984 жылдың тамыз айында болды. Алатаудың бөктерінде арнайы салынған жазушылардың «Шығармашылық үйінде» демалып жатқан едік. Осылай айтылғанымен, жазушылардың қолдарынан қаламы түспейтін кезі болатын. Асханада Ғабит пен Сәкен (Жүнісов) отырған столдың қатарындағы дастарханда отыратынмын. Бір күні стол басында отырған Ғабеңмен сәлемдескен соң «Бұзауы өлген сиырдай мөңіреп жұртқа ой қайтты» деген екен Дулат жырау. Ғабе, сіз Дулат жыраудың шығармашылығын жақсы білетін боларсыз?» – деп едім. Ғабең әдеттегісіндей соза сөйлеп: «Шын-ын-н айт-сам, терең білмейді екем», – деді.
Мен таңырқай қарап «Ол кісіні терең зерттеген – Құлмат Өмірәлиев екен», – дедім.
– Ә, солай-ма? Оны жақсы танисың ба?
– Иә, сыйласпыз.
– Онда шақырсаң қайтеді? – деді соза сөйлеп. – Кітабын да ала келсін.
– Жақсы, қазір шыға салып, телефон шалып көрейін, – деп түскі астан кейін кірісіп кеттім. Мұхтар Әуезовтің музейінде істейтін Мекемтаспен хабарласып едім, ол Ғабеңмен кездесуге бірден келісіп, Құлмат екеуі сағат 3-ке қарай жететіндерін айтты. Мәкеңмен келіскеннен кейін бірден Ғабеңнің бөлмесіне келіп жағдайды айттым.
Ғабең жадырай түсіп «Рақмет! Өзің ұйымдастырғыш екенсің» деді соза сөйлеп. Ризашылығын білдірді.
Айтқан уақыттарынан қалмай, Мекемтас пен Құлмат та кітаптарымен жеткен еді. Содан 2-қабаттағы арнайы орында әңгіме басталып кетті. Естіген жазушы-ақындардың барлығы жиналып, кешкі 7-ге дейін аса қызық әңгіме-дүкен болды. Кездесуден кейін менің бөлмеме келген Құлмат пен Мекемтас алғыс айтып, ризашылықтарын білдірді. Міне, осы кездесуден кейін Ғабеңнің ыждағатыменен бірге серуендейтін болдық. Бірақ ол кісі 3-4 күннен кейін, Совминнің демалыс үйіне ауысып кетті.
Бұл кезде ұлы Мұхтар Әуезовтің музей үйінде «Қоғамдық университет» ұйымдастырылып, оның ректоры болып профессор Рахманқұл Бердібаев сайланды. Мекемтас Мырзахметовпен мен көмекшілері болдық. Мұндағы ең негізгі мақсат – бүгінгі заманның ерекше тұлғаларымен, жас ғалымдар мен зиялылардың кездесулерін ұйымдастыру болатын. Басты тақырыптар әр салада ашылып жатқан ғажайыптармен сырласу еді.
Осы жылдың қазан айында жазушы-ғұлама Ғабит Мүсірепов шақырылатын болды. Адамдардың көп жиналғаны соншама, тіпті студент жастар түрегеп тұрып тыңдады. Естіген жазушылардан келген – Сырбай, Ғафу, Қадыр, Сағи, Тұманбай, Сайын – бұлар да сығылыса жайғасыпты.
Әңгіме әртүрлі саладан болса да, негізінен Ғабеңнің «Ұлпан» романы жайында кеңінен талқы болды. Сырласу соңында, профессор Р.Бердібаев «Кімде қандай сұрақ бар?» деді. Ол бірнеше қайталап сұраса да, залда үнсіздік. Содан жан-жағыма қарадым да қолымды көтердім.
– Рұқсат па?
– Сұра, сұра.
– Ғабе, әңгімеңізге рақмет! Мен Кенесары жайында сұрасам деп едім. Ілияс Есенберлин мақтап жазса, Сіз даттап жазыпсыз. Осы екі нұсқаның қайсысына сенеміз? – дедім де орныма отырдым.
Біразға шейін үнсіз қалған Ғабит Мүсірепов:
– Маған сеніңдер, – деді де орнынан түрегеле бастады. Осыдан кейін залдағылар да тарады. Ғабең бастаған топ 2-қабатқа көтеріліп, жастар жағы топ-тобымен кете бастады. Микроауданда тұратындықтан, мен де тез жиналып үйге қайттым. Кейбіреулер бір-біріне сыбырлап:
– Ғабеңе «Жедел жәрдем» қызметін шақыртып жатыр, – дегендері естілді.
Ертеңінде хирургия институтынан шығып, Жазушылар одағының 3-қабатына көтеріліп келе жатсам, алдымнан жымия күліп Сырбай ағамыз қарсы шықты.
– Сәке, бауырым, сенің сұрағыңнан Ғабең ауырып қалды ғой, – деді.
– Қойыңызшы?! – дедім аң-таң болып. – Нендей ауру екен?
Сырбай Мәуленов гүжілдей күліп «соқырішек» деді. Мен де жадырай түсіп «Соқыр ішекте» ондай себеп жоқ» дедім де өз шаруаммен кеттім.
Ғабең «соқыр ішек» болмай, аман-есен үйіне қайтыпты. Әйтсе де, қасиетті Ғабең жарықтық келесі 1985 жылы дүниеден өтті.

 

Әбділда Тәжібаевпен әңгіме

Көп кешікпей Ғабең жатқан люкс-бөлмеге Әбекең (Әбділда Тәжібаев) келіп жайғасты. Халқымыздың абыз-ақыны Тәжібаевпен ертеден таныс едім. Өйткені, ол кісі менің сырлас-ұстазым академик Ишанбай Қарақұловтың туған құдасы. Біздер бұрыннан жиі кездесіп тұратынбыз. Сондықтан мен үшін Әбекеңнің келгені ерекше әсерге бөледі. Бірақ бөлмемнен көп шықпай жұмыс үстінде отырғамын. Себебі фантастикалық романым «Кәусарды» қайыра машинкаға басып жатқанмын. Осы шығармаға ерекше әсерленген ғұлама – Әбекеңнің роман жайында «Социалистік Қазақстан» газетіне жариялаған пікір-эссесін бергенімді жөн санаймын.

«ҚАНАТТЫ АРМАН»
(Әбділда Тәжібаевтың автор туралы пікір– эссесі)

Жалпы әдебиеттегі қазіргі фантастика жанрларының алуан-алуан түрлері бар. Солардың ішінде ерекше мәнді, тегеуіріні темірдей логикаға құрылған нағыз ғылыми-фантастиканың орны бөлек. Өйткені ол бүгінгі қиял болғанымен, адамзат ұрпағының ертеңгі жетер мұраттарын сөз етеді. Ғасырлар асуынан асып, келер өмірдің бейнесін жасаумен бүгінгі ұрпақты алға ұмтылдырады. Олардың ертеңіне деген сенімдерін күшейтеді. Сондықтан болар, өзімізге ертеден таныс Жюль Верн, И.А.Ефремов, А.Беляев, А.Толстой қаламдарынан туған фантастикалық шығармаларды оқырман қауым, әсіресе жастар жағы іздеп жүріп оқиды. Оның себебі, қиялда ояған не түрлі ғажайып идеялар мен күрделі проблемаларды ертең ғылыми лабораторияларда шешіп, өмірге әкелетін сол жастардың өздері…
Демек, бүгінгі ғылыми-фантастикалық әдебиеттің алға қойған мақсаттары қаншалық биік болса, оның қоғам өмірінен соншалық іргелі озып отыруы… әманда солай болып отыру қажеттігі заңды нәрсе. Үлкен басылымдарымыздың бірі «Литературная газетада» бүгінгі фантастиканың хал-жағдайы жан-жақты талқыланып, онда бұл жанрдың өзіне тән қиындығы мен күрделілігі тілге тиек болды. Соңғы қырық-қырық бес жыл көлемінде фантастикалық романның көрінбей кеткені өкінішпен айтылды.
Осыған орай, қазақ топырағында алғаш жарық көрген Совет-Хан Ғаббасовтың «Кәусар» атты ғылыми-фантастикалық романына азды-көпті пікірімді білдіруді мақұл көрдім. Бұған мынандай да бір жәйт себеп болды.
1984 жылдың қоңыр күзі еді. Біраз жазушылар қала шетіндегі «Шығармашылық үйде» жаттық. Солардың бірі – мамандығы дәрігер-хирург, жазушы Совет-Хан Ғаббасов еді. Бір күні түскі астан соң ауладағы орындықта дамылдап отыр едім, Совет-Хан қасыма келіп, сәлем берді.
– Совет-ау, өзің тіпті бөлмеңнен шықпайсың ғой. Сірә, бір үлкен шаруамен отырған сыңайың бар-ау?!
– Аздап.
– Аздап істеген адам, бөлмесінде де аздап қана отыруға тиіс емес пе ? – дедім.
Ол күліп: «Әбден бітірдім-ау деп жүрген романымды қайта оқып шығып, машинкадан тағыда бір өткізіп басып жатқан жайым бар. Сол үшін осы бір айлық демалысымды пайдаланбасам болар емес» – деді.
– Сонда романың не жайында?
Ол жүзіме күлімсірей қарап отырды да:
– Ғылыми-фантастикалық роман, – деді.
Бұл жәй мені едәуір елең еткізіп:
– Романның ең негізгі өзекті ойын айтып берші, – дедім.
– Әбеке, бұл кітапта айтылатын ой да, көтерілетін мәселе де көп. Ал романның негізгі ойына келсек, ол – құлқын мен қызылөңеш құлдығынан адамзатты азат ету мәселесі.
– Е-е-е, мынауың қызық екен!..
– Сәл ойланып байқасақ, бірқатар адамдардың бар өмірі мен ақыл-ойы осы құлқынның төңерегінде әуре-сарсаң күй кешіп отыр емес пе ?!..
– Сөзіңде жан бар. Ал бірақ оны шешуге , сірә… болар ма екен ? Сөз саптауыңа қарағанда, тамақ ішпеудің де жолы бар тәрізді-ау?
– Міндетті түрде жолы табылуға тиіс, Әбеке!
– Сонда, осы айтып отырған ойыңның көрінісі бүгінгі тіршілікте бар ма, сірә?
– Бар болғанда қандай? Тіпті, түрлі тіршілік иелері әуел бастан-ақ, жұдырықтай жүрегі дүрсілдей соғып, өне бойларына қан жүгіріп тұрған алғашқы сәттерінде, қызылөңеш құлдығында болмаған ғой.
– Иә, оның рас.
– Бұл табиғат шебердің жасаған теңдесі жоқ құдіреті. Анасының құрсағында жатқан Жан иесі, анасының қанынан тап-таза қалдықсыз нәр алатындықтан, тоғыз ай бойы ештемеде бөліп шығармайды. Мінеки, табиғаттың өзі моделін жасаған осынау құбылысты ғылымның құдіретімен адам баласы өз тіршілігіне қайыра әкеліп пайдалануға тиісті.
– Мынау ойың шынында да қиялға сыймастай қызық екен. Ал енді бұл жайында сөз ететін ғылыми еңбектер бар ма?
– Әзірше бұл қиял ғой. Әйтсе де, күллі өсімдіктер әлемі түгелдей осы принциппен өсіп-өніп келеді. Олар жерден тамырлары арқылы тек қалдықсыз нәрмен ғана қоректенеді. Тіпті өсімдіктер ауа райы қолайлы жерде бұтағындағы жапырақтарын да ауыстырмайды. Тиесілі қаншалықты ғұмыры болса, соншалықты уақыт жапырақтарын өзгертпестен мәңгі көгеріп тұрады.
Мінеки, автормен болған осынау әңгімеден кейін, мен «Кәусардың» дүниеге келуін соншалық асыға күттім. Кітап шыға салысымен-ақ қолыма тиді. Зейін қоя оқып шығып, телефон арқылы авторына өз пікірімді кезінде айтқамын. Бұл кітап жайлы «Жұлдыз» бен «Білім және еңбек» жорналдарында басылған мақалаларды да білемін.
Тек маған Ғарифолла Есімов деген философтың пікірі ұнамады. Себебі ол жалпы романда айтылып отырған ойларды ұғынып, түсінбеген. Тіпті оның «ағаш атаулының жемістерін қалдық» деп санаған пікірін оқығанда қатты қиналдым. Өйткені бұл – тым ағат пікір. Жеміс атаулының қалдық емес екендігін ғалым түгілі, жас бала да жақсы біледі ғой. Асылы, қандай шығарма болсын, түсінбей пікір айту қиянат.

 

Ғабиден Мұстафинмен жүздесу

Бұл кездесу де сол 1984 жылдың жазында болған. Алатаудың батыс бөктеріндегі бір «демалыс үйінде» «Ақан сері» романының авторы Сәкен Жүнісов ағамызбен демалып жатқан едік. Сәкеңмен жанұямызбен аралас-құралас өмір сүріп жатқанымызға ондаған жылдар болатын. 1974 жылы мені Жазушылар одағы мүшелігіне ұсынған үш жазушының бірі – осы Сәкеңнің өзі еді.
Бір күні Сәкен сері:
– Осы «демалыс үйінің» іргесінде Ғабиден ақсақал тұрады, қазір барып сәлем беріп шығайық, – деді.
– Жарайды.
– Кеттік.
Иә, сәл бұрылыста ғана ауласы кең бір қабатты үй екен. Ғабиден ақсақал ауласында жүр. Бізді көре салып, жайдары жүзбен қарсы алды.
Сәкен екеуміз де жадырай:
– Армысыз ба, ұлағатты аға! – дедік.
– Бармысыздар, қасиетті бауырларым, жоғарылатыңдар! – деді. – Үйге кірелік. Сәкен айналасына қарап:
– Аулаңыз тамаша екен. Ғабеке, мұнда қысы-жазы тұрасыз ба?
– Иә, соңғы 3-4 жыл осында тұрып жатырмыз. Ауасы жақсы.
– Керемет!
Ішке еніп Ғабиден ақсақалдың жазу бөлмесіне жайғастық. Жеке-жеке жөн сұрасқан соң, қоғамдағы болып жатқан әр түрлі мәселелерді әңгімеледік. Дастархан басында да сұхбаттасу көп болды. Ауладағы жайқалған жасыл-желектің астында отырып та сырластық. Ғабекең шешіле әңгімелесіп отырған соң, біздер де асықпай ұлы-бесінге жуық қайттық.

 

Батыр Бауыржан Момышұлын іздеп бардым

Менің оқушы кезімде неше қайтара оқыған кітабым Александр Бектің «Волоколамское шоссе» атты кітабының әсері болар, Алматыға оқуға түсуге келгенде-ақ Баукеңе сәлем беріп, кездесу арманым еді.
Жалпы біздер он жылдықтан соң, үкіметтің шақыруымен ауыл шаруашылық жұмысына бардық. Мен екі жылдай жылқышы болдым. Біз тұратын шаруашылық «Заготскот» атанып, Семейдің ет-комбинатына мал апарып тапсыратын еді. Осы мекеменің басқарушысы А.Рахметов ақсақалдың маған мейірімі түсіп, Мединститутқа шаруашылық атынан жолдама беріп, бір аса сыйлас танысының үйіне хат жазып берді. Алматыға келісімен-ақ сол Қашия апамыздың үйінде жаттым. Ол кісілер атақты химик, ҚазГУ-дің профессоры Батырбек Бірімжановтың туыстары екен. Профессор ағамыз Фурманов көшесінде тұрады. Алғаш үйленгелі жүрген шаруаларына көмектесіп, бірнеше рет кездескенім бар. Сонда қарсы беттегі үйде Бауыржан атамыздың тұратынын да естіген едім.
Бір күні Қашия апаммен ақылдаса келіп, заманымыздың атақты батыры Бауыржан Момышұлына сәлем бермек болып үйіне келдім. 2-қабаттағы есігінің алдына келген соң, жүрегім қағып толқығаным сонша, қолым дірілдеп, қоңырауды баса алмай біраз тұрдым. Бір кезде қоңырауды басқан күйі тұра берсем керек, есікті ашқан өзімдей бала-жігіт:
– Не болды ? Есікті аштым ғой, – деді.
Тұтыға тіл қатып:
– Кешір, Бауыржан атама сәлем берейін, – деген едім.
– Сен кімсің?
– Ауылдан оқуға түсуге келгемін. Сен кім боласың ?
– Бауыржанның баласы – Бақытжан болам…
– Ой, рақмет! Қандай жақсы болды.
– Әкем – Совминнің больницасында емделіп жатыр.
– Қап-ай! Сырқаты қалай?
– Алаңдама, жылдағы профилактикасы ғой. Ертең осы уақытта кел, алып барайын, – деді Бақытжан. Басын изеп, ішке кіріп кетті. Менің Баукеңді көрем деген алғашқы талпынысым осылай болды.
Кейін Жазушылар одағында кездесіп танысқаннан кейін, бірнеше рет арнайы сұхбаттасқаным бар. Баукең туралы эссе-сұхбат та жаздым. Ол кісінің өзіне тән мінезі мен мейірімді қылықтары көп-ақ. Шын мәнінде, Бауыржан атамыз – халқымыздың феномені екені анық.

 

Ғұлама Әлкей Марғұланды тыңдау

Жалпы «Қоғамдық университеттің» бағдарламасы бойынша, академик Әлкей Марғұлан ағамыз үш түрлі нұсқадағы тақырыппен шақырылды.
Біріншісі – ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов;
Екіншісі – Ұлы дала архиологиясының ерекшеліктері;
Үшінші – Әлекеңнің өз ғылымының ерекшеліктері туралы.
Бұл кездесулердің бірінен-бірі өткен керемет болғаны соншама жиналған жастар әрнәрсені сұрап, ұзақ сұхбаттасушы еді. Әлекең де жауап беруден еш жалықпайтын.
Соңғы лекциясының ақырында күле қоштасып:
– Көп білесің, көп білгендіктен көп сөйлеп қоясың?! – дейтін әзілдей күліп. Жастармен сырласқанына өзі де риза болып қоштасатын.

 

 

Әзілхан Нұршайықов Әз аға еді

Әз-ағаңмен ұзақ жылдар аралас-құралас болдық. Алғашқы таныстығымыз Әзекеңнің үлкен ұлының үйлену тойынан басталған болатын. Оның туған құдасы, тарих ғылымдарыының докторы, профессор Керейхан Аманжоловпен бір жерде туған жерлес едік. Осы тойды басқарушы болып жүрген, профессор Тұрсынбек Кәкішевпен де аса жақын сырласып, жиі пікірлесіп жүрдік.
Әзекеңнің жазушылық мұратын асқақтатқан екі романы – «Махаббат қызық мол жылдар» мен «Ақиқат пен аңыз» екені рас. Бұл романдар жайлы болған кездесулерде жиі қатынастық. Әзекеңді ұлағатты ұстаз ретінде өзімнің алғашқы романым «Серперді» оқып, кеңес беруін сұраған едім. Осы әрекеттің бір қызығы, тіпті Әз-ағаның мейірімділігі ретінде мәңгі есімде қалған бір жағдай бар. Ол романды берген бір аптадан кейін, бір күні кеш марқайған сәтте есіктің қоңырауын естіп, барып ашсам, бәйбішесімен тұрған Әзекеңді көріп, қуанғаннан құшақтап үйге енгіздім.
Амандық-саулықтан кейін, «Серпер» жайында жазылған 20 беттен астам қолжазбасын алдыма қойды. Сөйтіп, біздер дастархан дайындалғанша менің жазу бөлмемде бірге тарата талдап, талқылаумен болдық. Пікірлесу өте мазмұнды да қызық өтіп жатты. Тіпті шайдан кейін де ұзақ отырдық. Қайтуға, тек такси шақырып қана аттандыруға тура келді. Мұның мен үшін керемет пайдалы болғанын айтып жеткізу қиын. Сонда аға мейірімін анық сезінген едім.

 

 

 

 

Совет-Хан Ғаббасов,
жазушы, медицина және педагогика ғылымдарының докторы, профессор

18 мамыр, 22:58
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілді
17 мамыр, 15:54
Түркістан: «Жасөспірім және жауапкершілік» профилактикалық шарасы өтуде
17 мамыр, 15:41
Түркістан: «Құқықтық тәртіп» және алаяқтардан сақтандыру
17 мамыр, 12:04
Түркістан: Учаскелік полицейдің қоғамдағы жауапкершілігі жоғары
16 мамыр, 15:19
Түркістан: Полиция мектеп оқушыларына қауіпсіздік шараларын түсіндірді
15 мамыр, 16:48
Түркістан: Алимент, авторлық құқық және сот сараптамасы
15 мамыр, 15:56
Түркістан: Өткен жылы 7 184 адамға тегін заң көмегі көрсетілген
15 мамыр, 15:36
Түркістан: Сарыағаш полициясы профилактикалық жұмысты күшейтті
15 мамыр, 14:16
Түркістан: Полиция жастарды қауіп-қатерден сақтандырады