«Қазақтың теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанғаны мені қатты толқытады». Бұл сөзді «Атырау агроөнімдері» шаруақожалығының басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Владимир РОЗМЕТОВ «Jasqazaq.kz» сайтына берген сұхбатында айтты. бұл күнде ол Елбасыға берген уәдесін де орындаған.
— «Қазақтың экологиялық өмір салтын ұстанған дана қасиетіне бас иемін» дегенді түрлі мінберлерде жиі айтасыз. Осы сөзіңізге тереңірек түсінік берсеңіз?
— Менің негізгі кәсібім теңізші. Алған мамандығым бойынша, мұнайшы-құрылысшымын. Тоғыз жыл бойы мұхиттарда жүздім. «Теңіз» кенішін игеруге атсалысып, трест басқардым. Құрлыққа осыдан он жеті жыл бұрын түпкілікті оралдым. Маған «Өзің оқыған, жұмыс істеген Голландияға неге көшпедің?» деген сұрақ жиі қойылады. Мен оларға үнемі «Бізде Отанды тастау деген ұғым жоқ» деп жауап беремін. Тікелей сұрағыңызға келсем, құрлықтағы он жеті жыл расымен де, маған қазақ халқының ерекше даналығын ұғындырды. Халқымыздың ғасырлар
бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап келгені, оның байлығын үнемді, әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанғаны мені қатты толқытады.
— «Жері байдың – елі бай» деген қазақ даналығы да сіздің өмірлік ұстанымыңызға айналғанға ұқсайды…
— Оныңыз рас. Өзім айтқан он жеті жылдың ішінде Атырау даласында жүзім өсірдік. Омарта шаруашылығын қолға алдық. Бекіре өсірумен айналыстық. Көкөніс, бақша өнімдерін өсірдік. Бірнеше мал фермасын аштық. Бүгінде ауылшаруашылығы саласының бірнеше бағытын қамтыған осындай үлкен қожалықтың жұмысын жандандыру үшін, су үнемдейтін технологияны қолданамыз. Мәселен, 150 гектарды алып жатқан алманың 32 сұрпы бар бақша үшін израильдік тамшылатып суару әдісінің тиімді болатынына көз жеткіздік.
— Шаруашылық өнімдері ішкі және сыртқы нарықта қаншалықты сұранысқа ие болып отыр?
— «АтырауАгроөнімдерінде» өсірілетін асыл тұқымды альпі ешкілерінің сүті өз елімізді айтпағанда, шет мемлекеттерде де ерекше сұранысқа ие. Асыл тұқымды еділбай қойларының салмағы 140 килоға дейін жетеді. Жалпы аумағы 11 гектарды құрайтын 4 тоғанда 40 мыңнан астам бекіре өсіріледі. Осыдан екі жыл бұрын Президент Нұрсұлтан Назарбаев Атырауға жұмыс сапарымен келген кезде, лимон өсіруге уәде берген болатынбыз. Бүгінде сол уәденің үдесінен шығып, лимон ағаштарын өсіріп жатырмыз.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА