Түркістан: «Күй құдіреті» дарынды жас күйшілерді анықтады

19 тамыз 2023, 16:33

Біздің елде домбыраның құлағында ойнайтын жас күйшілердің толқыны өсіп келеді. Олардың бір шоғыры киелі Түркістан өңірінде десек, артық айтқандық емес. Жас күйшілердің өнерін жалпақ жұртқа паш ету үшін облыста күй жарысы жиі өткізіледі. Сондай жарыс  Созақ ауданында болып өтті.

Түркістан облысының 5 жыл толуына орай және Созақ ауданының 95 жылдығына арналған облыстық «Күй құдіреті» жас күйшілер байқауы ұйымдастырылды. Аудандық «Мыңжылқы» мәдениет сарайында ұйымдастырылған шарада ең алдымен Созақ ауданының жетістіктері туралы бейнеролик көрсетілді. Одан кейін күй өнері жайлы театрландырылған көрініс көпшілік назарына ұсынылды.

Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы директоры Мейіржан Әлиакбаров байқауды ашу салтанатында сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.  Күй сайысының мақсаты қазақ халқының күй өнерін бүгінгі жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттау, дәстүрлі күй орындау өнерін дамыту және талантты жас күйшілерді анықтау, олардың шығармашылығына қолдау көрсету екенін жеткізді.

Созақ ауданы әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов өз сөзінде: «Тарихы сонау көне ғасырдан сыр шертіп, алуан мәдениет пен руханияттың нәрлі ошағына айналған, сыр мен жырға толы Созақ ауданында облыстық жас күйшілеріміздің байқауы өтуде. Күй өнері – қазақ халқының ең құнды, бағалы мұрасының бірі. Созақ сахарасының сайын даласына дейін күмбірлете күй төккен Ықылас Дүкенұлы, Сүгір Әліұлы, берідегі Жаппас Қаламбаев, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров, Файзулла Үрмізов, Ергентай Борсабаев сынды әйгілі күйшілеріміз қазақ сахнасында алуан мәдениет пен руханияттың өшпес ізін қалдырды. Облыс көлемінде өтіп жатқан осындай игі бастамалар арқылы ұлттық дәстүріміз бен рухани құндылығымызды нығайтып, ұлы күйшілердің артына қалған мұраларын қайта жаңғыртуда мол табыстарға жететініміз сөзсіз. Тәуелсіз еліміздің тұғыры мәңгілік болып, бірлігіміз арта берсін», — деп ұйымдастырылған шараның маңыздылығына тоқталып өтті.

Түркістан облысының «Күй құдіреті» байқауына 16 мен 35 жас аралығындағы 21 үміткер қатысты. Олар бірінші кезеңде Созақ ауданынан шыққан күйшілердің шығармаларын, екінші кезеңде еркін тақырыпта өздерінің қалаған күйлерін орындады.

Созақ ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Мыңжылқы» мәдениет сарайының ұйымдастыруымен өткен байқауға Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер, профессор, Созақ ауданының құрметті азаматы, күйші, композитор Жанғали Жүзбай, Қазақстан еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері, Құрманғазы атындағы Ұлттық академиялық халық аспаптар оркестрінің солисті Құндыз Қаламбаева, дәстүрлі әнші, халықаралық байқаулардың лауреаты Табиғат Асқарова, күйші, Сүгір атындағы оркестр дирижері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Шыңғыс Исаев, Созақ ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Асхат Әбілов төрелік етті.

Қазылар алқасының шешімімен Назерке Асқарова (Созақ ауданы) бас жүлдені жеңіп алды. Жүлделі І орын Нұрлыбек Тұрлыбайға (Ордабасы ауданы),  ІІ орын Әлима Нұржанбаева (Созақ ауданы) мен Дінмұханбет Сұлтанға (Мақтарал ауданы), ал ІІІ орын Ернар Сәтім (Арыс қаласы) мен Мұхамеджан Ермұратовқа (Отырар ауданы) бұйырды.

Сонымен бірге қатысушылардың біразы арнайы номинациялармен марапатталды. Айталық,  «Сүгір» атындағы арнайы жүлдеге Орынбасар Әбдірахман (Келес ауданы), «Жаппас Қаламбаев» атындағы арнайы жүлдеге Ақбота Орынбасарова (Бәйдібек ауданы), «Төлеген Момбеков» атындағы арнайы жүлдеге Нұртуған Қосаманов (Сайрам ауданы), «Генерал Асқаров» атындағы арнайы жүлдеге Саят Құлбек (Төлеби ауданы), «Созақ ауданы әкімінің» арнайы жүлдеге Мағжан Тойшыбай (Сауран ауданы), Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының арнайы жүлдесіне Кенжебек Пірмахан (Түркістан қаласы) ие болды.

Жеңімпаздарды Созақ ауданы әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов құттықтап, арнайы дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапаттады. Сонымен қатар өзге де қатысушы үміткерлерге қатысқаны үшін «Алғыс хат» тапсырылды.

Айдос Құсайынұлы

07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз