ТҮРКІСТАН: 10 мыңнан астам отбасы баспаналы болды

10 қазан 2023, 16:25

Тұрғын үй

Бүгінде Түркістан облысының құрылғанына 5 жылдан астам уақыт өтті. Тиісінше, осы кезең ішінде өңірде көптеген сала бойынша мардымды жұмыстар жүргізілді және әлі де жүргізіліп жатыр. Соның ішінде тұрғын үй саласына ерекше көңіл бөлініп, азаматтарға жайлы өмір сүру ортасын құру бойынша ауыз толтырып айтарлықтай тірліктер атқарылуда. Оған қоса, өңір басшысы Дархан Сатыбалды бұл салаға ерекше мән беріп, көпқабатты нысандардың сапалы болуын қайта-қайта нықтап тапсырып жүр.

Осы ретте, облыс әкімі өткен жылдың соңында Түркістандағы жаңа тұрғын үй кешендерінің құрылысы бір сәтке де тоқтамауы керек екенін айтып, ол үшін облыс әкімдігі тарапынан тиісті қолдаулар жасалатынын мәлім еткен. Сәйкесінше, инфрақұрылым және құжаттандыру мәселелері жіті бақылауға алынған.

Өңір басшысы мердігерлерге құрылыс барысында кездесетін кедергілер туралы дер кезінде хабарлауды тапсырды. Ал әкімдік өз тарапынан түйткілдерді шешуге дайын. Тұрғын үй құрылысы айтылған мерзімде аяқталып, абаттандыру жұмыстары да жоспарға сай жүргізілуі керек.

Жалпы өткен жылдың қорытындысына сәйкес, өңірде 864,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, «Құрылыс көлемінің нақты индексі» көрсеткіші 104,6 пайызға орындалған екен. Оған қоса, былтыр «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру аясында облыс аумағында 128 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, оның 57-сі қолданысқа берілген.

Тұрғын үй саласына қатысты тағы бір айта кетерлік жұмыс – өткен жылы Келес ауданында «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша 70 маманға тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие берілді. Аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Азамат Мұратовтың айтуынша, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жас мамандар баспанамен қамтылуда. «Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт саласындағы маман ауылдық елдімекенге жұмысқа орналасқан жағдайда «Дипломмен ауылға» жобасы аясында бір реттік көтерме жәрдемақы және қажеттілігіне қарай тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін 1500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада 0,01 пайыз жылдық сыйақы мөлшерімен 15 жылға дейінгі мерзiмге бюджеттік несие түрінде әлеуметтік қолдау шараларын алу мүмкіндігі бар», — дейді ол.

Жоспар бойынша Түркістан қаласында жалпы аумағы 250 мың шаршы метрден асатын жүзден астам көпқабатты тұрғын үй салынатыны жария етілді. Олардың 36-сы 9 қабатты, 40-ы 7 қабатты 40 үй болса, 20-сы 5 қабатты етіп салынады. Сонымен қатар, «Жаңа қала» аймағында инвесторлар есебінен 14 көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы басталатын болған.

Биыл жыл басында облыс әкімі «Тұран» тұрғын үй кешеніндегі 7 қабатты 32 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысқан болатын. Сол кезде бұл аумақта 13 компания жұмыс істеп, тұрғын үйлердің басым бөлігінің қабырғаларын толық тұрғызып қойған болатын.Осы нысандардың  құрылысына 600-ге жуық жұмысшы жұмылдырылып, ішкі әрлеу және қасбет орнату жұмыстары жүргізіліп жатты.

Сонымен бірге, жыл басында әкімшілік-іскерлік орталығы аумағындағы паркингі бар жиырма қабатты тұрғын үй мен әкімшілік ғимараты бар жиырма қабатты тұрғын үйдің құрылысы да қарқынды. Біреуінің құрылысы шілде айында аяқталды. Екіншісі жыл соңында берілуі тиіс. Осы орайда өңір басшысы салынып жатқан үйлердің тұрғындар үшін жайлы әрі өмір сүруге қолайлы болуы керектігін айтып, мердігерлерге барлық жұмысты талапқа сай атқаруды тапсырды.

Жыл басынан бері өңір басшысы Түркістандағы тұрғын үйлердің сапасын өз тексеріп жүрді. Осы бағыттағы жұмыстар аясында ол мердігерлерге құрылыс жұмыстарын белгіленген кестеге сәйкес аяқтауды міндеттеп, талапқа бағынбағандарға шара қолданылатынын да жеткізді. Сәйкесінше, сол кезде өңірде жалпы көлемі 866 мың шаршы метрден асатын 71 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатқан. Нәтижесінде, биыл 3 557 жаңа пәтер мемлекеттік бағдарламалар аясында әлеуметтік несиемен және үй кезегінде тұрған азаматтарға арендалық негізде берілетіні мәлім болған.

Түркістан облысы әкімдігінің ресми ақпаратына сүйенсек, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Түркістан облысында 128 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілген. 2022 жылдың қорытындысымен пайдалануға 57 тұрғын үй берілді. Құрылысы аяқталған үйлердегі 3473 пәтердің 753-і жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларына арналған арендалық пәтерлер ретінде тапсырылды. 2720 пәтерді түркістандықтар әлеуметтік кредиттік жүйемен алған».

Жыл басында Түркістанда тұрғын үй саласына бағытталған инвестиция көлемі артқаны айтылды. Бұл туралы деректерде жақын уақытта заманауи кешендердің көбейетіні және Түркістанның тұрғын үй нарығына кіруді жоспарлаған «BI Group» холдингі облыс орталығында заманауи тұрғын үй кешендерін салатыны сөз болған. Нәтижесінде, дайын баспаналарды несиелік және мемлекеттік бағдарламалармен беру қарастылады делінген. Осы орайда, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды холдинг өкілдерімен кездесіп, бірқатар жобалармен танысты. Өз кезегінде, еуропалық брендтермен тығыз жұмыс істейтінін алға тартқан компания өкілдері инфрақұрылымға артықшылық беретіндерін жеткізген-тұғын. Оған қоса, құрылыста ең сапалы материалдар пайдаланатынын айтып, әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтеретін жобаны «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының сүйемелдеуімен немесе бірлесіп іске асыру мәселесі қарастырылған.

Облыс әкімі ең алдымен құрылыс сапасына айрықша мән беру керектігін баса айтты. Инфрақұрылым жағы, әсіресе, балалар ойнайтын алаңдардың қауіпсіздігі ұмыт қалмауы керек. Тұрғындар үшін жайлы, қолжетімді баспана салу барысы қатаң бақылауда болатынын әкім тағы да айтып өтті.

Маусым айында Сарыағаштағы 600-ге жуық пәтер үй кезегінде тұрған азаматтарға беріле бастады. Айта кетсек, Сарығаш қаласына қарасты Қапланбек оқу-тәжірибе шаруашылығы аумағындағы 45 пәтерден тұратын 5 қабатты 13 көпқабатты тұрғын үй құрылысы 2018-2020 жылдары аралығында жүргізіліп, аяқталған. Алайда, қажетті инфрақұрылымның жоқтығынан іске алғысыз болып қалған еді. Десе де, жыл басында бұл нысандарға автономиялық кәріз жүйесін жүргізу үшін облыстық бюджеттен қаржы қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілген болатын. Осылайша, инфрақұрылым мәселелері шешіліп, 585 пәтердің кілті баспана кезегінде тұрған мұқтаж азаматтар мен көпбалалы отбасыларға табысталды.

Сарыағаш ауданының мәліметінше, «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасына сәйкес, пәтерлер санаттар бойынша үлестірілді.  Таратып айтсақ, Ұлы Отан соғысының ардагері – 1, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға – 117, көпбалалы отбасыларға – 211, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына 256 пәтер берілді.

Биыл тамыз айында облыс әкімдігі тағы бір оң көрсеткіштерді жария етті. Облыстағы құрылыс жұмыстарының көлемі 158 млрд теңгені құрап, жарты жылда 410 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген екен. Сондай-ақ «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жыл соңына дейін жалпы аумағы 185 мың шаршы метрді құрайтын 55 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарланып, нәтижесінде 3140 отбасы баспаналы болатыны айтылған.

Жалпы, биыл өңірде барлық қаржыландыру көздері есебінен 866,4 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру міндеті алға қойылған. Тиісінше, алғашқы 8 айдың қорытындысымен 525,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға қабылданған екен. Түркістан облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсубалиевтің мәліметінше, Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығындағы биыл 55 тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, жалпы 185 мың шаршы метрді құрайтын 3140 пәтерді пайдалануға тапсыру жоспарланған. 1409 пәтер немесе 81188 мың шаршы метр үй пайдалануға қабылданды. Келісімшартқа сәйкес, құрылысты мерзімінен кешіктірген мердігерлерден  2,5 млн теңге өндірілген.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта Сарыағаш қаласындағы Самал-3 мөлтек ауданында жеке инвестор есебінен 50 пәтерлі 13 тұрғын үй салынып жатыр. Өз кезегінде аудан әкімі құрылыс-монтаж жұмыстарымен танысып, тұрғындарының игілігі үшін салынып жатқандықтан сапалы, берік болуын ескерткен еді. Бүгінгі таңда жеке инвестор құрылысшылары тарапынан бірнеше тұрғын үйдің қабырғалары қаланып, шатыры жабылып, жылыту жүйелерінің құрылыс жүргізілуде. Ал басқа тұрғын үйлердің қазаншұңқырлары қазылып, іргетасы қаланып жатыр. Құрылыс жұмыстарын биылғы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Тағы бір айта кетерлік жаңалық – жуырда «Отбасы банк» АҚ «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы» шеңберінде баспана конкурсын жариялады. Олар Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан «Сауран» тұрғын үй кешені бойынша конкурсқа өтінім қабылдап жатыр. «КазЭлитСтрой 2050» ЖШС салған бұл тұрғын үйлерге жергілікті атқарушы органдарда үй кезегінде тұрған банк салымшылары өтініш бере алады. Тиісінше, 9-25 қазан күндері аралығында шаршы метрінің бағасы 180 мың теңгені құрайтын 504 пәтер конкурсқа түседі. Оның 168-і — бір, 275-і  — екі және 161-і — 3 бөлмелі баспаналар.

Жалпы Түркістан облысында бес жыл ішінде құрылыс көлемі 2,5 есеге өсіп, 351 млрд теңгені құрады. Оның ішінде пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 2 есеге ұлғайып, 864 мың шаршы метрге жеткен. Сөйтіп бес жыл ішінде Түркістан облысында 4500-ге жуық отбасы коммуналдық баспанамен қамтылса, «7-20-25» бағдарламасы және «Отбасы банк» арқылы 5 мыңнан астам жанұя әлеуметтік несиелік үй сатып алыпты.

Сонымен бірге, екі мыңнан астам отбасы жалға алған баспана ақысын субсидиялау бағдарламасымен қамтылып, 221 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Бауыржан Мейірханұлы,

Түркістан облысы

 

 

Бүгін, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді