Облыстық ішкі саясат басқармасында Отбасы күніне орай, өз балаларымен бірге басқа балаларды да қамқорлығына алып, тәрбиелеп отырған ата-аналарға құрмет көрсетілді.
Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың 2013 жылы шыққан Жарлығымен қыркүйек айының екінші жексенбісі Отбасы күні ретінде атап өтілетіні мәлім. Осыған орай, өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен салтанатты шарада басқарманың бөлім басшысы Серік Сәдуақасов отбасы қоғамның негізгі тұғыры екенін айта келе, өз балаларына ғана емес, бауырына басқан балаларға да жылу сыйлап, алақандарына салып, аялап отырған ата-аналарға зор ризашылығын жеткізді.
Күн сайын елімізде мыңнан астам бала дүниеге келіп, бұл көрсеткіш жылына 400 мыңға жуықтап қалады. Жыл басынан бері біздің облыста 4 мың отбасы шаңырақ көтеріп, 8 мыңнан астам нәресте дүние есігін ашқан. Облыста көп балалы отбасылардың саны 4 мың, ал, көп балалы аналардың саны 8106 адамды құрайды. 137 бала патронаттық тәрбиеде болса, 1483 бала өзге отбасылардың қамқорлығына алынған.
Шара барысында отбасы қамқорлығынсыз қалған балаларды қанаттарының астына алып, әке орнына әке, ана орнына ана болып отырған Вжесневский, Жұмабековтар, Құлмановтар, Евтушенко, Нұрғазиновтар, Давыдовтар отбасыларына облыстық ішкі саясат басқармасының атынан Алғыс хаттар мен «Ана үйі» қоғамдық қорының естелік сыйлықтары табыс етілді. Айта кетейік, отағасы Дмитрий мен отанасы Елена Вжесневкийлер өздерінің туған бес баласы бола тұра, үш баланы асырап алған. Бүгінде олар сегіз баланың ата-анасымыз деп өздерін бақытты санайды. Ал, Евтушенколар отбасы Кристина есімді қыздарын сонау Өскемен қаласынан асырап алған екен. Жұмабековтар отбасын да осы күні көпшілік тек жақсы жағынан айтып жүреді. Олардың жетім балаларға жасаған жақсылықтары жан сүйсінтеді. Рашит пен Құралай Жұмабековтардың өз кіндіктерінен туған бес баласы бар. Енді олар кәмелет жасқа толмаған Татьяна, Альбина, Андрей және Максим есімді бүлдіршіндерді ата-ана мейіріміне бөлеп, туғанындай көруде. Шараға жиналғандар бала асырап алған отбасылар туралы бейнебаянды көріп, музыкалық ән шашуға құлақ түрді.