Орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағын сақтап қалған қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен болған жекпе-жегі туралы пікір білдірді деп хабарлайды NUR.KZ.
Фото: espn.сom
«Бүгін мексикалықтар үшін маңызды күні. Тәуелсіздік күнімен баршаңызды құттықтаймын!
Маған мексикалық стиль ұнайды.Нағыз жекпе-жектерді ұнататын жандар үшін мен Big Drama Show көрсеткім келді. Қазақстандықтар құрған «Алға жігіттер» жанкүйерлер тобына ерекше алғыс білдіремін.
Тең түсу — менің кінәм емес. Мен қолымнан келгеннің бәрін көрсеттім. Менің белбеулеріме қараңыздар, мен жеңілген жоқпын», — деді Головкин жекпе-жектен кейін.
Лас-Вегастағы T-Mobile аренасында өткен бокс кешінің басты кездесуі 12 раундқа созылып, ешкім күтпеген нәтижемен аяқталған еді. Төрешілер екі боксшының қайсысы басым түскенін анық көрсетпей, тең түсті деген баға берді.
Осылайша, 37 жекпе-жегін тек жеңіспен аяқтап келген Головкин спорттағы мансабында алғаш рет қарсыласымен тең жұдырықтасты.
Ал осы уақытқа дейін 49 кездесу өткізіп үлгерген «Канело» осымен екінші рет тең түсті деген нәтиже көрсетті.