Қарағанды қаласында тағы да біреуді тонап кетті. Бұл жолы жергілікті азаматты емес, шетелдікті сорлатты. Қара ниетті бұзақы швейцариялық екі қонақтың көлігін тартып алды.
Қала полицейлері күдіктіні дер кезінде қолға түсірген. Қарағанды облысы Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Құдияровқа жүгінсек, оқиға былай болған: Шетелдіктер Алматыдан Астанаға бет алады. Оқиға болған жерден 20 мен 22 жастағы азаматшалар Приозерск қаласының кезекші бөліміне қоңырау шалған. Олар жалға алған көлігін белгісіз біреудің күш көрсетіп, алып кеткенін айтып шағымданады. Жедел іздестіру барысында тәртіп сақшылары күдіктіні қолға түсірді. Автоқарақшы уақытша абақтыға қамалды. Оған тонау бабы бойынша алдын ала тергеу амалы жүргізілуде. Ал шетелдік қонақтарға барлық жағдай жасалынып, қызмет көрсетіліп жатыр. Қонақүйге жайғастырып, аудармашы және тамақпен қамтамасыз етілді. Бұл туралы Today.kz сайты хабарлады.