jasqazaq.kz

Танымал имам «Мешіт үшін» деп жерлестерін тақырға отырғызып кетті

15 желтоқсан 2017, 11:29

Шығыс Қазақстан облысының жер сипап қалған жамағаты «Алланы» аузынан тастамайтын ақ сәлделі молдаға іздеу жариялады деп хабарлайды NUR.KZ.

Тілшілерден көмек сұраған тұрғындардың айтуынша, облыстық «Халифа Алтай» мешітіндегі бас имамның бірінші орынбасары қызметін атқарған Рауан Махмудов қарызға қомақты қаржы алып, қайтармай қашып кеткен.

— Рауан Махмудов 1989 жылы туған, әлі үйленбеген, Тарбағатай ауданының азаматы. Өте жақсы отбасыдан шыққан, діни білімін Түркияда оқып келген, сауатты жігіт еді. Өзі Меккеге барып, «қажы» атанған соң жиі қонаққа шақырып, жақсы араластық. 2016 жылы желтоқсанда менен 500 мың теңге қарыз сұрады. «Өте шұғыл керек болып тұр, кәсіпкерлерден мал алдыртып едім, ақысын төлеуге жетпей қалды. Ірі-қараны сатып, 40 күн ішінде қайтарамын» ,- деп ант-суын ішті.

Жақында ғана әке-шешесі қайтыс болып, жетім қалған соң, жаным ашып көмектескім келді. Өзімде бұл қаржы болмағандықтан танысыма өтініп, қол хат арқылы беруін сұрадым. Ол 500 мың теңгені қарызға алып, қол хатқа бөтен біреудің аты-жөнін жазып кеткен. Кейін ақшаны қайтармаған соң, танысым мені сотқа берді. Амал жоқ, несие рәсімдеп сол соманы мен қайтардым. Ал кредит әлі мойнымда тұр ,- деп ашынды атын жарияламауды өтінген өскемендік тұрғын.

Қажының қармағына түскен азамат полицияға шағымданбақ болған. Алайда, еш дәлел болмағандықтан арызы сол күйінде ашық қалыпты. Қой терісін жамылған азаматты іздеу барысында зардап шегуші талай жерлесінің сан соғып қалғанын да анықтаған. Олардың ішінде, тіпті, молданың әріптестері де бар. Ал наиб-имам болып, имансыз тірлік жасаған Рауан Махмудовтың облыстық мешітте қызмет жасағанын сол жердегі дін мамандары растап отыр.

«Ол жігіт облыстық мешітте 2-3 жыл жұмыс жасады. Өте мәдениетті, тәртіпті, бір ісінде қателігі жоқ азамат еді. Рауаннан зардап шеккендер мешітке жиі іздеп келеді. Көбісі сол — жесір әйел, сенгіш жамағат. Біз барлығына полицияға арызданыңдар, ол бізде жұмыс істемейді деп түсіндірдік. Оның қитұрқы әрекеті 2016 жылдың күзінде белгілі болған соң мешіттен аластатып, жұмыстан қуып жібердік. Алаяқтан зардап шеккендердің ішінде имамдар да бар. Бірақ олар «құдайдан қайтсын» деп құзырлы органға шағым түсірмеді. Басқа ештеңе айта алмаймыз. Бір жылдан бері ол кісінің бір мешітке бас сұғыпты дегенін де естімедік» ,- деді «Халифа Алтай» ШҚО облыстық мешітінің наиб-имамы Дәулет қажы.

Жас молда аз уақытта көптің сеніміне кіріп, бірнеше мешітте уағыз айтып танымал да болған. Экс-молданың қазір қайда жүргенін ешкім білмейді.Себебі, жақында ғана Өскемендік сот орындаушылары жесір әйелді тоғыз миллион теңгеге отырғызып кеткен алаяқтан қарызды өндіру үшін қаланы түгелдей сүзіп шыққан. Ал туыстары болса Рауан Махмудовтың миллондаған қарызды не үшін алғанынан және қайда жүргенінен хабарсыз.

Тағы бір айта кетерлігі, экс-имам қомақты қаржының кейбірін «мешіттің жөндеу жұмысына керек, спонсор тауып кейін қайтарамын» деп өтінген. Мешіттің игілігіне деген соң көпшілігі қарызды қол хатсыз, адамгершілікке салып берген екен. Алайда мұнша соманың бір тиыны да құдай үйіне тапсырылмай, алаяқтың қалтасында кетіпті.

Бүгін, 7:21
Түркістан: Шардарада ауыз сумен қамту мәселесі қаралды
Бүгін, 7:18
Түркістан: Шардарадағы жүгері зауытында 500-ден астам жұмыс орны құрылады
21 шiлде, 21:57
Түркістан: Ауыл шаруашылығын дамытуда көш бастап тұр
21 шiлде, 21:56
Түркістан: Жарты жылда өзіндік кіріс көлемі артты
21 шiлде, 12:41
Қазақстан БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы жаһандық қауіпсіздікке үлес қосуда
20 шiлде, 12:45
Бейбіт елдің бітімгерлік миссиясы немесе Калай-Хумбтан Голан жотасына дейін
20 шiлде, 10:45
Ғалам – «сауда соғысына» алаң
19 шiлде, 21:21
Түркістан: Қоғамдағы ынтымақтастықтың жарқын үлгісі
19 шiлде, 20:49
Түркістан: Төлеби ауданының экономикалық әлеуеті қаралды