jasqazaq.kz

Тәуелсіздік табыстары

29 мамыр 2017, 18:08

 

Филология ғылымдарының докторы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Гүлжаһан Орданың ғылым жолындағы табыстарына көз жүгірткенде, ең алдымен, тәуелсіздігімізге тәубе етеміз. Себебі Гүлжаһанның өмір жолы,жетістіктері еліміздің тарихымен, тәуелсіздікпен тікелей байланысты.

1985 жылы орта мектепті үздік бітіріп, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында оқып жүрген Гүлжаһан сол кездегі «Тәуелсіз ел болсақ» деп ұлт намысын ту еткен қазақ жастарымен бірге алаңға барғаны үшін оқудан шығарылып, совхозда күрішші болып жұмыс істеді. Кейін ресми ақталған соң оқуын жалғастырып, 1992 жылы осы институтты үздік дипломмен бітіріп шықты.

Студент болып жүргенінде-ақ Гүлжаһан терең білімімен, ақыл-парасатымен, бар болмысымен бәрімізді тәнті еткен еді. Оқуға жаңа түскенімізде Гүлжаһанды «жоғары курстарда сабақ беретін мұғалімдердің бірі шығар» деп ойлағанымыз да жасырын емес. Сөйтсек, ол – сол кезде бізден екі-ақ курс жоғары, 3-курста оқып жүрген студент екен. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Секерхан Хасанова апайымызбен бірге студенттер арасындағы ғылыми жобалар байқауын ұйымдастырып, төрелік еткен кезде жан-жақты біліміне, салмақты сөзіне, сабырлы мінезіне қарап тәнті болатынбыз. Біз ғана емес, өзінен төменгі курста оқығандардың барлығы дерлік оған үлкен құрметпен қарайтын. Гүлжаһанның Желтоқсан оқиғасына қатысқанын, сабақты үздік оқитынын естіген кезде жас та болса, өзімізге үлгі етіп, оған ұқсауға тырысатынбыз.  Мемлекеттік емтиханның төрағасы болып келген М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері – Ә.Нарымбетов Гүлжаһанның емтихандағы жауабына ерекше сүйсініп, Ғылым академиясына жұмысқа шақырғанын естіген кезде де Гүлжаһанға әрі қызығып, әрі сүйсініп қарағанымыз жасырын емес. Шалғайдағы ауылдардан білім іздеп келген қаракөздердің Қазақстанның астанасы Алматы қаласында жұмысқа қалуы – біз үшін қол жетпес армандай көрінетін. Армандардың шындыққа айналатынын замандастарына,  өзінен кейінгі оқыған жастарға Гүлжаһан көрсеткен тәрізді.

Оның 1996 жылы қорғаған кандидаттық диссертациясының тақырыбы «Қошке Кемеңгерұлының әдеби мұрасы» болуы да тегіннен-тегін емес. Жастайынан қажыр-қайратымен, ақыл-парасатымен, намысшылдығымен көзге түскен Гүлжаһанның ой-тұжырымдары мен елі үшін құрбан болып, жазықсыз жапа шеккен Қошке Кемеңгерұлының ұстанымдары бір жерде тоғысып, өзара үйлескен сияқты. Қошкетанудың негізін салған Рәзия Рүстембекова апамыз Қошке мұрасын зерттеудің Гүлжаһанға бұйырғанын екеуінің тағдырындағы ұқсастықпен түсіндіретін. Студент кезімізден басталған таныстық бізді Қошке Кемеңгерұлының мұрасын зерттеу барысында жақындата түсті. Ол әдеби мұрасын зерттесе, мен тіл біліміне сіңірген қыруар еңбегін жүйелеуге ден қойдым. Ортақ тақырып, ортақ мұрат біздердің әріптестіктік қатынасымызды туыстыққа ұластыра түсті десек артық айтқандық емес. Гүлжаһан Қ.Кемеңгерұлының қазақ әдебиетіндегі орнын зерделеудегі жұмыстарын жалғастырып, 1998 жылы  «Алаштың бір ардағы» атты монографиясын шығарды. Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінде оқыған көне түркі тілі, арап графикасы жөніндегі білімін тәжірибемен ұштастырған ол 1920-1930 жылдар әдебиетін тыңғылықты зерттеп, сол дәуірдегі «Қазақ журналдарындағы әдебиет және өнер» атты  атты библиографиялық көрсеткішті де құрастырды.  Алаш арыстарының қазақ әдебиетіне қосқан үлесін саралауға арналған еңбектері дер шағында бағаланып, 2002 жылы М.Әуезов атындағы сыйлыққа ие болды.

Гүлжаһан алаш арыстарының еңбектерін зерделеумен қатар зерттеу нысанының ауқымын кеңейте отырып, «Қазақ әдебиетінің тарихы» деп аталатын 10 томдық еңбектің 7-том (1917-1940), 8-том (1941-1956), 9-томдардың (1956-1990) жауапты шығарушысы әрі негізгі авторларының бірі болды.  Ғ.Орманов, Ш.Мұртаза, Ә.Кекілбаев, Ғ. Мүсірепов, Ә.Нұрпейісов, Т.Ахтанов т.с.с. ақын-жазушылардың шығармашылығына талдау жасады.  Сондай-ақ ғалым «Қазақ романы: өткені мен бүгіні» атты ұжымдық еңбектің жауапты шығарушысы, негізгі авторларының бірі болды, М.Базарбаевтың таңдамалы шығармаларын (4 том) жарыққа шығарып, Мүсілім Базарбаев, Серік Қирабаев сынды ғалымдардың биобиблиографиялық көрсеткіштерін құрастырды. 2010 жылы «Әдебиеттану ғылымының проблемалары және Мүсілім Базарбаев зерттеулері»атты тақырыпта докторлық диссертациясын қорғады. Осы жылы «Мүсілім Базарбаев зерттеулері және әдебиеттану ғылымының мәселелері» атты монографиялық еңбегі де жарық көрді.

2012-2014 жылдары М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығарған «Классикалық зерттеулер» атты көптомдық еңбекте Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин «Әдебиет туралы»,С.Қирабаев «Тәуелсіздік және әдебиет»,  Б.Базарбаев, С.Ордалиев, Н.Ғабдуллин, Р.Нұрғали «Драматургия туралы зерттеулер», Т.Кәкішев «Әдебиет – дәуір айнасы», Т.Нұртазин, М.Қаратаев, Х.Әдібаев «Заман және әдебиет» т.б. зерттеулердің құрастырылуына басшылық етіп, алғы сөзін жазды.

Байқап отырғанымыздай, жыл өткен сайын Гүлжаһан Орданың зерттеу нысаны кеңейіп келеді. Алайда Гүлжаһан зерттеулерінің бәріне де Тәуелсіздік идеясы алтын арқау болған тәрізді. Оған «ХХ ғасыр әдебиетіндегі тәуелсіздік идеясының көркем шешімі» атты іргелі ғылыми-зерттеу жобасы бойынша жазылған «20-жылдар әдебиетіндегі тәуелсіздік туралы ұғым мен көркемдік ізденістер», «Қазақ әңгімелеріндегі ұлттық характер жасаудағы ізденістер (30-80 жылдар)», «Қазақ поэмасындағы ұлт-азаттығы мен ұлттық рухтың көріністері (60-90 жылдар)» атты тараулардағы зерттеулері, «Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің қалыптасуы мен дамуы» атты ұжымдық еңбекке «Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ прозасы», «Тәуелсіздік идеясы және көркем мәдениет» атты ұжымдық еңбекке «ХХ ғасырдың 20-жылдар әдебиетіндегі тәуелсіздік туралы ұғым» (4-кітап), «Қазақ әңгімелеріндегі ұлттық сипат» (7-кітап),  «Поэмадағы тарихи шындық және көркем шешім» (8-кітап) атты тараулар, «ХХІ ғасырдағы қазақ әдебиеті» атты ұжымдық еңбекке «ХХІ ғасырдағы қазақ поэмасы», «Тәуелсіздік дәуір әдебиетіндегі көркем шындық», «ХХ ғасыр әдебиетіндегі тәуелсіздік идеясының көркем шешімі» атты ұжымдық монографияның «1920 жылдар әдебиетіндегі тәуелсіздік туралы ұғым мен көркемдік ізденістер», «Поэмадағы ұлт-азаттық идеясының көріністері (1960-1980 жылдар)», «Әңгімелердегі ұлттық мінез-құлық» (1930-1980), «Қазіргі поэмадағы тәуелсіздік идеясы» сынды тараулар дәйек бола алады. 2016 жылы жарық көрген «Сөз құдіреті» атты зерттеу еңбегі де тәуелсіздік жылдарындағы ұлттық әдебиеттің өзекті мәселелеріне арналған.

Бүгінгі таңда Гүлжаһан Орда ғылыми зерттеулермен ғана шектелмей, ғалымдықты ұстаздықпен қатар алып келе жатыр. 2014 жылдан бері ғалым Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Ғылыми зерттеу институттарының «Ғылым Ордасы» кешенінің базасындағы бірлескен білім беру бағдарламасы бойынша магистрлар мен PhD докторанттарға ғылыми жетекшілік жасап келеді,сондай-ақ «Әдебиеттанудағы пәнаралық зерттеулер», «Тәуелсіздік тұсындағы қазақ әдебиеті», «Қазақ поэзиясындағы көркемдік-стильдік тенденциялар», «Қазақ прозасы дамуындағы жаңа бағыттар: мазмұн мен пішін», «Қазіргі қазақ драматургиясындағы көркемдік ізденістер» т.б. пәндер бойынша дәріс оқиды. Сондай-ақ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеттерінде Мемлекеттік аттестаттау комиссиясының төрайымы болды.

2016 жылы Қытай Халық Республикасындағы Орталық ұлттыр университетінде «Абайтану», «Қазақ әдебиетінің тарихы», «1920-1930 жылдардағы қазақ әдебиеті», «1940-1950 жылдардағы қазақ әдебиеті», «1960-1980» жылдардағы қазақ әдебиеті», «Қазіргі қазақ әдебиеті» т.б. бойынша дәріс оқып келді. Ұлттық әдебиеттен сусап жүрген шалғайдағы бауырларымыз үшін де Гүлжаһанның орны ерекше екені жасырын емес. Қазіргі таңда қазақ ғалымдарының шетелде дәріс оқып, қазақ әдебиетін талдап-танытуы – Тәуелсіздігіміздің арқасы деп білеміз.

Ел тәуелсіздігі дарынды жастарымыздың білімі мен білігін танытуына, ел мүддесі, ел игілігі үшін аянбай еңбек етуіне алғышарт болып отыр. Бұл тұрғыда М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Тәуелсіздік дәуір әдебиеті бөлімінің  іргелі зерттеулерінің жетекшісі әрі орындаушысы ретінде Гүлжаһан Жұмабердіқызының сіңірген еңбегі елеулі.

 

Орынай ЖҰБАЕВА, А.Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері,

филология ғылымдарының докторы

03 қыркүйек, 14:27
«Шанхай рухымен» - сенімді серіктестік пен кемел келешекке
31 тамыз, 11:07
USAID ақыры жабылды
29 тамыз, 19:32
Шетелден ақша алатын белсенді мен блогерге жайсыз жаңалық
27 тамыз, 12:47
The Guardian: Темірлан Анарбеков «Қайратты» Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне алып шықты
27 тамыз, 10:24
Жолдау-2024: «Таза Қазақстан» - кемел келешектің қайнар көзі
26 тамыз, 15:56
Баланың психологиялық саулығы – қоғамның басты құндылығы
22 тамыз, 14:11
Өнер өмірге құштарлықты арттырады немесе «Ақжайық» мектебіндегі музыкатерапия
20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы - басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда