Облыс әкімінің орынбасары Жанболат Смаилов пен Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы, генерал-майор Владимир Беккер облыс орталығының Тәуелсіздік алаңында өткен Көкшетау техникалық институты курсанттарының оқу бітіруіне арналған 19-шы салтанатты шарасында құттықтау сөз сөйлеп, жас офицерлердің қадамына сәттілік тіледі.
Салтанатты шара аталмыш институттың дербес жоғары оқу орны ретінде құрылғанына 20 жыл мерейтойымен тұспа-тұс келді. Дәстүр бойынша түлектердің ата-аналары мен қонақтарды жоғары оқу орнының тарихымен таныстырудан басталды. Оқу орнының қалыптасуы мен қызметі туралы деректі фильм көрсетілді. Мерекелік трибуна шар және тақырыптық баннерлермен безендіріліп, тулар тігілген. Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Жанболат Смаилов құттықтау сөз сөйлеп, командалық және профессорлық-оқытушы құрам курсанттармен бірге облыстың әлеуметтік, мәдени және қоғамдық өміріне зор үлес қосып, үлкен жұмыс атқарып жатқанын айтып, ел игілігі үшін атқарып жатқан еңбектері үшін алғысын білдірді.
–Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері жас құтқарушы офицерлерді өз қатарына қабылдайды. Олар күні ертең Төтенше жағдай комитетінің бөлімшелерінде қызмет атқара бастайды. Өздерінің теориялық білімдері мен тәжірибесін іс-жүзінде пайдаланатын болады,–деді облыс әкімінің орынбасары. Генерал-майор Владимир Беккер өз сөзінде жас лейтенанттарды институтты бітірулерімен, алғашқы офицерлік атақ алуларымен құттықтады. Биыл «Өрт қауіпсіздігі» мамандығын алған түлектерден өзге тұңғыш рет институт қабырғасынан төтенше жағдайлар саласының мамандықтары бойынша кадрлар дайындалып шығарылды. Институттың жолдамасы бойынша Ресей мен Беларусь Төтенше жағдайлар министрліктерінің жоғары оқу орындарында оқу бітірген жас мамандар да өмірге жолдама алды. Сондай-ақ, халықаралық келісімге сәйкес, Көкшетау техникалық институты Қырғызстан үшін де мамандар дайындайды.
Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары мен Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы оқуды үздік бітірген түлектерге дипломдар табыс етті. Бұл білім шаңырағындағы жақсы дәстүрлердің бірі– жауынгерлік тумен қоштасу. Биылғы жылғы 121 түлектің атынан жауынгерлік тумен қоштасу құқығы азаматтық қорғау лейтенанты Нұрсейіт Хамитке берілді. Қалыптасқан дәстүр бойынша түлектер офицерлік қоштасу вальсін биледі. Аспанға курсанттық өмірмен, оқу орнымен қоштасуды және жаңа өмірге қадам басқанын бейнелейтін шардан жасалған курсанттық погон композициясы жіберілді. Жас лейтенанттар соңғы рет жалпы курсанттық салтанатты шерумен өтіп, офицерлердің тарихи міндеттемесіне сай «Ақша емес, ар-намысқа қызмет ету» деген мағынаны білдіретін аспанға күміс ақша шашу рәсімін орындады. Салтанатта азаматтық қорғау органдарының ардагері Сапарғали Асылбеков пен түлектердің ата-аналары атынан құттықтау сөз сөйлеген Бақыт Жиенбаев түлектер міндеттерін адал атқаратындарына сенім білдірді.