jasqazaq.kz

Түске дейін балабақша, түстен кейін мектеп

25 тамыз 2017, 12:10

Қыркүйек болса, қыр астында. Жыл сайын күзгі оқу маусымы айтыс-тартыспен басталады. Биыл да солай болатын түрі бар. Сарыарқаның кіндігі – Қарағанды облысының Қызылжар ауылы жаңа оқу маусымын мектепсіз қарсы алмақ. Жалпы саны мыңға жуық тұрғыны бар Қызылжарда 170 оқушы мектепке баруға тиіс. Ата-аналар биыл баласын 7 шақырым жердегі білім ошағына жібергісі келмейді. Неге?

Екі жыл бұрынғы қызыл судың тасқынынан екі жүз үйлі Қызылжар ауылы қатты зардап шеккен. Көктемгі тасқыннан ғимарат едәуір бүлініп: шатыры тесіліп, едені шіріп, іргетасы мен қабарғаларын мүк басыпты. Көктің, шіріктің иісі қолқаны қабады. Әсіресе, көктем, қыс, күз айларындағы жауын-шашында ауырмаған оқушы, сырқаттанбаған мұғалім қалмайды екен.
Ауылда ескі және жаңа – екі мектеп бар. Қызылсудан бүлінгені – ескісі. Ал жаңасы толық бітпеген. Оның қабырғасы осыдан 20 жыл бұрын қаланып, аяқсыз қалыпты.
Қызылжардың тұрғыны Жанат Дүйсенбаева 3 жылда мектептің құрылыс жұмысына 3 миллион теңге бөлінгенін алға тартады. Алайда ондай соманы мектеп басшысы Саят Солтанов бірінші рет естігенін айтып, зар қағып отыр.

Саят Солтанов:

– 80 мың теңге ғана берді жөндеуге.

Жанат Дүйсенбаева:

– 4 миллион теңге бөлінді деп тұр ғой?

Саят Солтанов:

– Жоқ, ондай ақша көрген жоқпыз. Ондай ақшаға біз қол қойған да жоқпыз. Маған да тиісіп, мұғалімдерді де қорқытып отыр. Шынымды айтсам, қазір не істерімді білмей отырмын, қуықтай үш бөлме түске дейін балабақша, түстен кейін мектеп болады. Басқа амалымыз жоқ.
Ата-аналардың наразылығы мен аудандық білім бөлімі басшыларының қысымынан кейін балабақша мен бастауыш сыныптағы 60 бала ескі мектептің қуықтай үш бөлмесінде үш ауысыммен оқитын болады. Бұрын еңбек пәніне арналған сыныпты түске дейін балабақшаның бүлдіршіндері, түстен кейін 1-сыныптан 4-сыныпқа дейінгі оқушылар пайдаланады. Тәрбиешілер мен мұғалімдер күніне екі-үш рет үстел-орындық тасып, әбігерге түсері анық. Ал жоғары сыныптың балалары көрші ауылға қатынап оқуға мәжбүр. Бірақ оған ата-анасы қарсы. Арқаның асау табиғатында бірнеше шақырым жол жүріп, басқа ауылға қатынап оқу – тозақпен тең дейді.
Қызылжар тұрғындары «Жаңа мектеп салмай-ақ қойсын. Бізге құрылысы аяқталмай қалған мектепті бітіріп берсе, сол да жетеді» – дейді. Олар осы мәселені көтеріп аудандық білім бөліміне де хат жазып, арыз түсірген көрінеді. Алайда басшылар аяқталмаған, мектепке арнап салынған құрылысты аукционда сатылған, – дейді.

Саят Сабдалы,
КТК арнасының тілшісі
(Арнайы «Жас қазақ»
газеті үшін)

03 қыркүйек, 14:27
«Шанхай рухымен» - сенімді серіктестік пен кемел келешекке
31 тамыз, 11:07
USAID ақыры жабылды
29 тамыз, 19:32
Шетелден ақша алатын белсенді мен блогерге жайсыз жаңалық
27 тамыз, 12:47
The Guardian: Темірлан Анарбеков «Қайратты» Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне алып шықты
27 тамыз, 10:24
Жолдау-2024: «Таза Қазақстан» - кемел келешектің қайнар көзі
26 тамыз, 15:56
Баланың психологиялық саулығы – қоғамның басты құндылығы
22 тамыз, 14:11
Өнер өмірге құштарлықты арттырады немесе «Ақжайық» мектебіндегі музыкатерапия
20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы - басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда