Шымкентте жол полициясы қызметкерлері арнайы рейд ұйымдастырып, көлігін тас жолдың жиегіне заңсыз қойып кеткен жүргізушілерді жауапқа тартпақшы болды. Жоспарлары жүзеге аспай қалды ма әлде келісімге келді ме тәртіп сақшылары заңды бұзған жүргізушіні көргенде, оның көлігіне тиіскендеріне өкініп қалғандай болды.
Жол ережесіне бағынбаған жүргізуші қаладағы дөкей немесе тәртіп сақшыларының әріптесі немесе бастығы болып шыққан сияқты.Себебі, эвакуаторға артылған көліктің иесі келіп, тәртіп сақшыларымен аз уақыт сөйлесіп еді, барлығы өзгере кетті.
Жол патрульдік полициясының қызметкерлері жолдың шетінде тұрған көлікке тиіскендеріне өкініп қалған сыңайлы. Олқылықтың орнын жабу үшін көлікті орнына дереу қоюға барлығы жабыла кірісті.
Ал болған жағдайды қала тұрғындары бақылап тұрса керек, телефонға түсіріп алған. Әрі олардың сөздерінен «дөкей» мен жол полициясының әрекеттерін анық түсінуге болады.