Түркияда жол апатына түсіп, зардап шеккен қазақстандықтар елге арнайы бортпен келуден бас тартты, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі республикалық санитарлық авиация орталығының директоры Нұржан Отарбаев.
«29 қыркүйекте біз Түркияға ұшақ жібермек болдық. Сол жақта ауруханада жатқан біздің азаматтарды республикалық травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу орталығына жеткізуді жоспарладық. Санавиация ұшардың алдында қазақстандықтар арнайы бортпен Қазақстанға ұшудан бас тартатынын министрлікке хабарлады», — деді Отарбаев баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, арнайы бортпен үш адам жеткізілмек болған.
«Арнайы борт пациенттердің жағдайы мен санына байланысты алдын ала дайындалады. Ұшақтың барып-келуі шамамен 21 миллион теңге, ол кепілді тегін медициналық көмек аясында жүзеге асырылады», — деді Отарбаев.
Қазақстандықтар арнайы ұшақтан бас тартуын төртінші адамның олармен бірге ұшып келуі қарастырылмағанымен түсіндірген.
«Біздің консул зардап шеккен азаматтар мен туыстарынан Денсаулық сақтау министрлігіне жазған ресми хатын алды, олар төртінші орынның болмауына байланысты борттан бас тартатынын жеткізді. Бортта орын қарастырылмаған әйел өздігінен қозғала алмайтын жігіттің зайыбы, бірақ өзі жүріп-тұрады», — дейді Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов.
Осыдан кейін, оның айтуынша Антальядағы Қазақстанның консулы біздің азаматтарды елге жеткізуді өз мойнына алған.
«Зардап шеккен төрт азамат пен олардың үш туысы бүгін Антальядан кәдімгі рейспен Стамбул арқылы Алматыға ұшып келеді, олардың жанында дәрігерлер болады. Әрі қарай олар Алматыда түрлі ауруханаларда емін жалғастырады. Ұшақтың бағасын Кемердегі Қазақстанның құрметті консулы өтейді», — деді баспасөз қызметінің жетекшісі.
Еске сала кетсек, Анталияда демалып жүрген жеті қазақстандық жол апатына түскен болатын. Түркияға өздері барған олардың сақтандыру полистері болмайды. Сондықтан апаттан кейін хирургиялық операцияның төлеміне байланысты қиындықтар туындаған. Дегенмен, қазақстандық дипломат түрік тарапымен келісімге келіп, ауыр жараланған бес қазақстандықтың медициналық шығынын такси жүргізушісінің сақтандыру компаниясы өтейді.