Танымыл ресейлік комментатор әрі бокс маманы Григорий Стангриттің ойынша, Головкин — Альварес жекпе-жегі 12 раундқа созылады.
Себебі екі боксшы да мықты. Алайда Головкинге жеңіске жету үшін айқын басымдық қажет. «Бүгінде аталған жекпе-жектің нокаутпен аяқталатыны жайында жиі айтылып жүр. Дегенмен, нокаут болмайды деп ойлаймын. Ол жекпе-жек 12 раундқа дейін созылады. Екі боксшы үшін ауыр раундтар болады. Себебі екеуі де жақсы соққы жасайды, сол соққыны жақсы көтере алады да. Сондықтан жекпе-жек толық 12 раундпен аяқталады деп санаймын. Әрине, біреудің қабағы жарылса, әңгіме басқаша өрбиді. Алайда таза нокаут болмайды. Сосын бұл жерде тағы бір нәрсені ескеру керек, бүгінде Головкинмен салыстырғанда, Альварестің атақ-абыройы жоғары, жанкүйері де көп. Сондықтан төрешілердің қай жаққа иілетіні белгісіз. Меніңше, Головкин мен Альварестің ұпай саны шамалас болса, төрешілер жеңісті Альвареске беріп қоюы әбден мүмкін. Сол себепті Головкинге өз қарсыласын жай жеңіп қана қоймай, айқын басымдыққа ие болғаны жөн», — дейді Стангрит. Айта кетейік, бұған дейін АҚШ-тың спорт сарапшылары да Геннадий Головкинге айқын басымдықпен жеңу керектігін жеткізген. «Егер Головкин Альваресті нокаутпен жеңсе, онда ол бокстың шыңына көтеріледі. Бәлкім, PPV (pound-for-pound) рейтингісінде бірінші орынға шығар. Бұл жекпе-жекте нокаут Головкинге үлкен атақ-даңк әкеледі. Себебі осы уақытқа дейін «сарыбас» мексикалық жұлдызды әлі ешкім нокаутқа жіберген емес. Головкин таза нокаутпен жеңсе, бокс әлемінде үлкен өзгерістер болады. Бұдан бөлек, Golden Boy үшін «Альваресті реванша шығарайық па, жоқ па?» деген үлкен диллема туындайды. Себебі Сауль тағы нокаут алса, оның бүкіл спорттық мансабы нокаут алғандай болады. Ол PPV жұлдызы атағынан да айырылады», — деп жазды Boxingnews24.com сайтының журналисі Дэн Эмброуз.