Сот залынан маймыл іздеген блогер

25 қантар, 15:31

Біреуге күлкі, біреуге түрпі… біреуге түрме кілті. Ә дегенде ойға оралған сөз осы еді. Бұл жерде «кілт» ұйқас үшін кетіп қалды. Әйтпесе, сотталған адамға түрменің кілті берілмейтінін, қайта оны сыртынан кілтпен құлыптап қоятынын бәріңіз білесіздер.

Сонымен, не болды дейсіз ғой? Атырауда қайбір күні Рүстем Баязиев ныспылы блогер бір сот отырысына қатысушылардың артынан кіріп келіп, бәрін ұялы телефонымен видеоға түсіре бастапты. Онысымен қоймай, судьяға жақындап келіп «Маймыл қайда? Сіз маймылды көрмедіңіз бе?» деп сұраған ғой. Судьяның «қой» дегеніне қоя салмаған. Тіпті одан сайын өршеленіп, қатты-қатты сөйлеп тастапты. Ал Алматы қаласы әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы Анар Айтжанова мұны өзін сыйламау деп қабылдап, Баязиевтің үстінен арыз жазып жібереді.

Сол арыз бойынша іс кеше сол сотта қаралды. Блогер тиісті жазасын алды.

«Сот қаулысымен блогер Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 653-бабының (Сотты құрметтемеу) 1-бөлігі бойынша айыпты деп танылды. Оны жеке басын, жасаған әкімшілік құқық бұзушылық сипатын ескере отырып, бес тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу туралы шешім шықты», — деп хабарлады сот өкілдері.

Бірақ Рүстем Баязиевтің өзі бұл шешіммен келіспей отыр. Яғни еш кінәсі жоқтығын айтады. «Судьяға жәй ғана сұрақ қойған едім» дейді. Енді қарсы шағым жазбақ. Бірақ оның маймылды неге сот залынан іздегені түсініксіз болып тұр. Айтқандай, Атырауда хайуанаттар бағы жоқ сияқты. Әйтеуір, ғаламтордан таппадық.

Қалжың қалжыңымен, бұның таза арандату, оның ішінде сотты арандату екенін біз айтпасақ та біліп отырсыздар. Арандату демекші, блогер өзіне қатысты іс материалдарын алған кезде де жоқ жерден қиғылық салыпты. Оны сол соттан кейін әлеуметтік желіге салған видеосында өзі айтып берді.

«Істі қазақша жіберді. Мен өзім орысша оқыған соң бүкіл іс құжаттарын орысшаға аударып беруін сұрадым. «Жақсы» деп аударып берді. «Кім аударды?» деп сұрасам, «Сот қызметкері аударды» дейді. Ол кім? Судьяның көмекшісі ме, еден жуушы ма?», – дейді Баязиев.

Бірақ өзі осының бәрін бір ауыз орысша сөз қоспай, таза қазақша айтып отыр. Демек, бұл қырсығып, сотпен салғыласқан түрі. Қай жерден де ши шығарып, хайп жасағысы келеді.

Соңғы кездері осылай «жер өртеп» атын шығарып алуды көздейтіндер көбейді. Сосын, хайп жасаймыз деп «тайып», Баязияев сияқты айып арқалап кете баратындар да аз емес.

Оразәлі Баймұрат

Фото: nur.kz

Бүгін, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
Бүгін, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу