Шымкенттегі «Қажымұқан» орталық стадионы еуро талаптарына сай жарықтандырлып жатыр. Қазір мұнда заманауи электр қондырғыларымен жабдықтау жұмыстары басталды.
Айта кетейік, стадион жарықтың болмауына байланысты футбол матчтарын өткізу құқығынан айырылған болатын. Еліміздегі үшінші ірі стадионның жарық қондырғылары 50-жылдан бері алмастырылмаған екен. Соның алдарынан «Ордабасы» командасы Еуролига ойындарын Алматы қаласында өткізуге мәжбүр болды. Көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан жарық мәселесі жергілікті командалардың өз алаңындағы ойындарын өткізуге аса көп кедергі жасады. Қазақстанның футбол лигасы орталық стадионда ойындар өткізуге тыйым салған соң, «Ордабасы» өз кездесулерін амалсыз жарығы жоқ «Биік» стадионында өткізді. Бұл жанкүйерлерге де қолайсыздықтар туғызды. Стадионның жарықтандыруы үшін өткен жылы арнайы тендер ұйымдастырылған болатын. Алайда жеңімпаз компаниямен тапсырыс берушілер арасында келіспеушілік туындап, екі арадағы дау сот арқылы біраз уақытқа созылды. Енді соттың шешімімен мемлекеттік бюджеттен бөлінген 204 млн 460 теңгеге «Спектр энерго» компаниясы монтаж жұмыстарын бастап кетті. «50 жыл бойы жөндеу көрмеген электр жүйесін УЕФА талаптарына сай жөндеу жұмыстары басталды. Ол үшін бір мезетте бес түрлі жарық бере алатын арнайы прожекторлар алынды. Айталық футбол матчтарына арналған жарық сәулесі жаттығуға және бүкілхалықтық шараларға арналған жарықтандырулар болады. Жеңімпаз атанған компания прожекторлармен қатар электр желілерін де толық ауыстырады. Осында төрт қондырғы мұнара бар. Соның біріншісі біткеннен кейін монтаж жұмыстары қанша уақытқа созылатыны толықтай белгілі болады»,- деді стадион директоры Құралбай Өкшебаев. Биыл сондай-ақ шым шаһардың ерекше архитектуралық нысандарының бірі болып табылатын «Қажымұқан» атындағы орталық стадионына 50 жыл толады. Ал жөндеу жұмыстары торқалы тойға деген ерекше тарту болғалы тұр.