jasqazaq.kz

Шымкентте туыла салып шетінеп кеткен баланың орнына басқа нәрестенің денесі берілген (видео)

22 тамыз 2017, 10:33

Жаға ұстатарлық жағдай Шымкент перзентханасында болды. №4 перинаталдық орталықтың қызметкерлері шетінеген шақалақтың ата-анасына басқа баланың мүрдесін беріп жіберген. Жерлер алдында ұлдарының денесін жуындырмаққа ашқан ағайын-туыс, 5-6 айлық қыздың мәйітін көріп шошыпты. Әбден ашуға мінген олар, мән-жайды түсіндіруді талап етіп бүгін перзентхана дәрігерлерін жағадан алды.

Күні кеше ғана сәбилі болып шаттанған Айжан Кенжетайқызы енді шақалағының мүрдесіне қарап есінен тана береді. Шілденің 28-інде №4 перинаталдық орталықта босанған ұлы 20 күннен кейін көз жұмған. Қайғыдан қан жұтқан ана бұған дәрігерлерді кінәлап отыр, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

«Система салды тоқтаусыз. Медбике антибиотик деді. Көз алдымда көкпеңбек болды балам. Реанимацияға барғанша жүрегі үзіліп кетті»тдейді Айжан.

Мүслім деп есім берген бала өлгенде де Алланың ісі деп, ши шығармаған жақындары бүгін денесін үйіне әкелгенде жаға ұстады. Жерлеудің алдында жуындыру үшін оралған ақ матаны ашқан кезде Мүслімнің орнына өзге шала туылған 4-5 айлық қыз баланың денесін көрген. Ашуға булыққан туыстары дереу перзентханаға келіп, дәрігерлерден жауап беруді талап етті.

«Мүслімнің орнына Алена деген орыс қызын беріп жіберген . Мұсылмандық ғұрыппен жаназасын шығару үшін баланы жуындырмақ ашсақ, ішінде қыз бала жатыр» дейді шетінеген нәрестенің туысы Серік Елтайұлы.

Ұлардай шулап, ашуын кімнен аларын білмей тұрған туыстарына дәрігерлер де ұстатар емес. Таңертеңнен бері бір жауаптыны таба алмай жүрген жұртқа ақыры бас дәрігердің орынбасары шықты. Перзентхана басшылары кінә қызметкерлерінен екенін мойындап отыр. Сондықтан, арнайы тексерістен кейін барлығы жазаланатын болады деп уәде берді.

«Біз қашпаймыз жауаптан. Жауаптылар жауап береді. Өте қиын жағдай. Кешірім сұраймыз» дейді ОҚО №4 перинаталдық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Мәдина Мәмбетова.

Туыстары ұлардай шулаған соң он шақты полиция қызметкері де келген. Шағымды тіркеп алғанымен олар әзір қай бап бойынша іс қозғалатынын айта алған жоқ.

Абдыраған ата-ананың арызын қазір полицейлер әкетті. Перзентхана мамандары да өз арасында қызметтік тексерудің басталғанын айтады. Ал, өз баласының мүрдесін әзер алдырған туыстары Мүслімді бүгін-ертең жер қойнына тапсырмақшы.

03 қыркүйек, 14:27
«Шанхай рухымен» - сенімді серіктестік пен кемел келешекке
31 тамыз, 11:07
USAID ақыры жабылды
29 тамыз, 19:32
Шетелден ақша алатын белсенді мен блогерге жайсыз жаңалық
27 тамыз, 12:47
The Guardian: Темірлан Анарбеков «Қайратты» Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне алып шықты
27 тамыз, 10:24
Жолдау-2024: «Таза Қазақстан» - кемел келешектің қайнар көзі
26 тамыз, 15:56
Баланың психологиялық саулығы – қоғамның басты құндылығы
22 тамыз, 14:11
Өнер өмірге құштарлықты арттырады немесе «Ақжайық» мектебіндегі музыкатерапия
20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы - басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда