21 тамызда Шымкент ҚІІБ Әл-Фараби полиция бөліміне 35 жастағы жәбірленуші арызданып, белгісіз қыз несие рәсімдеуге көмектесемін деп 300 мың теңгесін алдап алып кеткенін айтқан. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 190-бабы «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Baq.kz.
Полиция бөліміне осыған ұқсас алаяқтық бойынша облыс орталығының бірнеше тұрғыны арызданған. Шымкент полицейлері жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында 1995 жылы туған Сарыағаш ауданының жұмыссыз тұрғынын ұстады.
Тәртіп сақшыларының анықтағаны, 22 жастағы алаяқ қала тұрғындарына мемлекеттік бағдарламаның біріне сәйкес несие рәсімдеуге көмек көрсететінін айтып, жәбірленушілердің сеніміне кіріп, ақшаны алып, ізін суытып отырған.
Тергеу барысында күдіктінің жалпы сомасы үш миллион теңгені құрайтын 10 алаяқтық ісіне қатысы бары анықталған.
Қазіргі таңда аталған жайттар бойынша ҚР ҚК 190-бабы «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Шымкент ҚІІБ Әл-Фараби ПБ-нің қызметкерлері күдікті 1995 жылы туған Насиба Юлдашеваға алданып қалған азаматтар полиция бөлімінің «102» нөміріне хабарласуларыңызды сұрайды.
Тәртіп сақшылары алаяқтардың құрбаны болмау үшін бейтаныс азаматтармен қарым-қатынас жасағанда сақ болуды ескертеді.