Шымкентте күдіктілер кісі өлтіріп, мәйітін өртемек болған. Денені өртей алмаған соң оны әжетхаға тастап жіберген.
Қаратау аудандық полиция бөліміне Қызылсай елді мекенінің тұрғыны хабарласып, қоғамдық әжетхананың шұңқырында мәйіт жатқанын айтқан. Оқиға орнына жеткен полицейлер жас шамасы 30-35-тегі ер адамның мәйітін алып шыққан. Мәйітті тексере келе, оның 34 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны екені анықталды. Жедел іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары осы қылмысқа қатысы бар деген екі күдіктіні қолға түсірді. Тергеу барысында сезіктілер достарын қалай өлтіргенін айтып берген. Белгілі болғандай үшеуі екі күн бойы ішімдікке сылқия тойып алып, үшінші күні өзара ерегісіп қалады. Артынша төбелесіп, қол жұмсаудың соңы кісі өліміне алып келген. Кейіннен мәйіттен құтылу мақсатында оны өртемек болған. Алайда ол әрекеттері нәтижесіз болып, мәйітті әжетханаға тастай салыпты. Қазіргі таңда екі күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Сезіктінің біреуі қасақана кісі өлтірген деп айыпталса, екіншісі қылмысты жасырғаны үшін қамалды. Бірнеше сот медициналық сараптамалар тағайындалып, тексеру амалдары жүргізілуде.