Шымкентте 3 адамды қағып кеткен полицейге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша тергеу абақтысына қамауға алынды.
Айта кетейік, кісі өлімімен аяқталған жол көлік оқиғасы Жібек жолы көшесінің бойында орын алған болатын. «БМВ» автокөлігінің 32 жастағы жүргізушісі 3 жаяу жүргіншіні қағып кетіп, оқиға орнына көлігін тастап кетіп қалған. Оны куәгерлер ұялы телефонға түсіріп, бейнежазбасын әлеуметтік желіге салған. Жол апаты салдарынан оқиға орнында 37 жастағы ер азамат қайтыс болып, тағы 36 жастағы әйел мен оның 7 жасар ұлы ауыр жарақаттанып, ауруханаға түсті. Куәгерлер жол бойында қансырап жатқанда жедел жәрдем қызметінің кешігіп жатқанын да бейне түсірілімде көрсетті. Қазір осы оқиға бойынша полиция қызметкерінің үстінен Қылмыстық кодекстің 345-бабы «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша іс қозғалып, бірқатар сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.