Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында балалардың қолөнер мен шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысуы үшін «Балалар үйірмесі» қызметін қайта жандандыру туралы Үкіметке тапсырма берген болатын. Өйткені баланың бос уақытын тиімді өткізуі, қосымша біліммен қамтылуы олардың толық әлеуетін толық ашып, сапалы ұрпақтың қалыптасуына әкеледі.
Мемлекет басшысының балаларды қосымша біліммен қамту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласында 2025 жылға дейін 5 оқушылар сарайын салу жоспарланған. Жуырда Қала күні мерекесінде оқушыларға замануи сарайды сыйға тартылды. Тұран ауданында тағы бір оқушылар сарайының құрылысы басталып кетті. Одан бөлек, үш оқушылар сарайын салу жоспарлануда. Тек шығармашылықпен шектелмей, балалардың спортпен айналысуына көңіл бөлінеді. 2025 жылға дейін қаланың әр ауданының оқушылар сарайы мен спорт кешені болады.
Шымкент қаласында 246 887 оқушы бар. Екі жыл бұрын оқушылардың қосымша біліммен қамтылуы 52 пайызды құраса, білім беру ұйымдары жанынан, білім, мәдениет және спорт басқармалары жанынан үйірмелерге жан басына қаржыландыру жүйесін қоса отырып, жаңадан қолданысқа берілген өнер мектептерінің нәтижесінде көрсеткіш 82 пайызға жетті. Толық қамту үшін 2025 жылға дейін тағы 3 оқушылар сарайы мен 8 өнер мектебі салынбақ. Ал, жаз маусымында оқушылардың уақытын тиімді өткізу үшін жазғы демалыс орындары ұйымдастырылған. Осы орайда, балаларға жазғы қуаныш сыйлауды мақсат тұтқан қала мектептерінің жанынан ашылған жазғы лагерлер өз жұмыстарын бастап кетті.
Балаларды сауықтыру, жетілдіру, дамыту және бос уақытты тиімді өткізу мақсатында қала сыртындағы лагерлерде демалдыру үшін қала бюджетінен 308,5 млн. теңге қаралған. Оның ішінде, әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына басымдық берілген. Аталмыш қаржыға жалпы орта мектептерінен аз қамтылған 7 241 бала, балалар үйінен 121 және ерекше білім беру қажеттілігі бар 1 553 бала қала сыртындағы лагерлерге жолдама алды. Бұл көрсеткіш келесі жылы тағы да арта түспек. Себебі балаға салынған инвестиция, жарқын болашақтың кепілі екені сөзсіз.
Осы жылы Шымкентте 154 270 оқушының жазғы демалысын тиімді өткізу шаралары жоспарланған. Бұл көрсеткіш қаладағы мектеп оқушыларының 64,8 пайызын қамтиды. Оның ішінде 16 715 оқушы қала сыртындағы, 137 555-і мектеп жанындағы лагерлерде демалатын болады. Оқушылар сарайындағы «Балдәурен» сауықтыру алаңында жаз бойы 100 балаға демалыс сыйлау көзделген. Балалар бұл алаңда таңертеңнен кешке дейін түрлі үйірмелерге қатысып, өзін дамытады, шығармашылығын шыңдайды әрі демалады.
Мерей Әлімбек