jasqazaq.kz

Шымкент: Жұмат Шанин атындағы театр 95 жылдығын атап өтеді

28 тамыз 2024, 16:19

Шымкент қаласындағы Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының тарихы тереңнен бастау алады. Оның тарихына қатысты маңызды құжаттың бірі – 1929 жылдың 28 қыркүйегінде бекітілген «Шымкент қалалық қазақ драма театрының сахнасын жабдықтау бойынша материалдық-шаруашылық шығындар жөніндегі алдын ала смета». Оған сәйкес, театрдың сахнасын жабдықтауға 7 589 рубль қаражат бөлінген.

Архивтен табылған тағы бір маңызды құжат – 1940 жылдың 27 қаңтарында шыққан Оңтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театрының 1939 жылғы жұмысына жүргізілген ревизияның қортынды актісі. Бұл актіде театрдың директоры Л.Берещук 1932 жылдан бастап қызмет атқарғаны көрсетілген. Осы деректер Шымкенттегі қазақ драма театрының ресми ашылу мерзімінің 1934 жыл емес, 1929 жыл екендігін дәлелдейді. Сондықтан бұл театрға биыл 95 жыл толып отыр.

Осыған орай «Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының 95 жылдығы» тақырыбында Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында баспасөз конференциясы өтті. Жиынға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібай, Қазақстан жазушылар одағының Шымкент қаласы өкілдігінің басшысы Момбек Әбдәкімұлы, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Сая Қасымбек, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі С.Сраил қатысып, театрдың бай тарихына тоқталып, осы жылдар ішінде өнер ордасында қызмет еткен, оның дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы туралы тың деректер мен естеліктерімен бөлісті.

Жиында айтылғандай, ұзақ уақыт бойы Шымкент қаласындағы Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының тарихы 1934 жылдан басталады деп есептеліп келді. Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің 1934 жылғы қаулысы осы театрдың ресми бастауын көрсеткендей болды.
«Алайда соңғы зерттеулер театрдың тарихы одан әлдеқайда ертерек кезеңнен басталатынын анықтады. Архивтерден табылған құнды құжаттарда, 1927 жылы Жұмат Шаниннің театрдың дамуы жөнінде маңызды баяндамалар жасағаны белгілі болды. Бұл тарихи деректер театрдың шынайы бастауын көрсетіп отыр», — дейді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.

Бұл жаңалық мәдени мұрамызға деген көзқарасты қайта қарауға мүіндік береді. Театр тарихының тереңдігі мен оның қазақ мәдениетіне қосқан үлесі одан да бай екені дәлелденді. Ж.Шанин атындағы театрдың шынайы тарихы жаңа қырынан ашылып, ұлт руханиятына зор үлес қосады.
Ж.Шанин театры әрқашан өз көрерменін жоғары сапалы қойылымдармен қуантты, классикалық және заманауи қазақ драматургиясының жауһарларын сахналап, ұлттық құндылықтарды дәріптеп келеді. Театр сахнасында көрнекті режиссерлер мен актерлердің есімі танылып, талай жаңа таланттар ашылды. Бұл театрдың қазақ өнері мен мәдениетін дамытудағы рөлі орасан зор.

Театрдың ашылуы кездейсоқ емес. Алаш қайраткері, драматург және публицист Жүсіпбек Аймауытов Шымкентте драма үйірмесін ашып, кәсіби театр мамандарын оқытып, қазақ ұлттық театрының қалыптасуына елеулі үлес қосқан. Осы театрда Хадиша Бөкеева, Әмина Өмірзақова сияқты ұлы тұлғалар өнер көрсетті.

Осы деректерді ескере отырып, биыл Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының 95 жылдық мерейтойын атап өту жоспарлануда. Мерейтой аясында қараша айында Шымкент қаласында Орталық Азия театрларының ІХ фестивалі өтеді деп күтілуде.

JQ-Aqparat
Суреттер: Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі

03 шiлде, 16:34
Алматы тұрғындары өз ауласын өзгерте алады
03 шiлде, 13:01
Түркістан: Елді мекендерде жол жөндеу, жаңғырту, абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр
03 шiлде, 12:38
Түркістан: Инвесторлар іскерлік байланыс орнатуға ниетті
03 шiлде, 12:08
Нұрлан Қойбағаров: Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғау – мәслихаттың тұрақты бақылауында
02 шiлде, 15:17
Түркістан: Заманауи зауыт пен кәсіпорын көбейіп келеді
02 шiлде, 15:08
Түркістан: Инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары қарқынды
02 шiлде, 15:06
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы дрондары шығарылады
02 шiлде, 14:48
Түркістан: Агроөнеркәсіп саласында алты айдың қорытындысы сараланды
02 шiлде, 14:18
Түркістан: Жаңа кәсіпорындар ашу жөнінде меморандумдар жасалды