
Биыл Шымкентте құрылыс саласы жаңа деңгейге көтерілуде. Шаһарда тұрғынүй мен әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүргізіліп келеді. Биыл 163,07 млрд теңгеге 114 жоба жүзеге асырылып, 111 нысан жыл соңына дейін тапсырылмақ. Бұл туралы Шымкент қаласы өңірлік коммуникациядар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласы құрылыс басқармасының басшысы Олжас Тәжібаев мәлімдеді.
Басқарма басшысының айтуынша, биылғы жылы 79 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 207,6 мың шаршы метр құрайтын жаңа пәтерлер пайдалануға беріліпті.
Ол: «Қаламыздың түрлі аудандарында жаңа үйлер бой көтеріп, тұрғындарға қолжетімді баспана ұсынылуда. 13 тұрғын үйдің құрылысы келесі жылға жоспарланған. Бұл алдағы жылдарда да Шымкенттің даму қарқыны жоғары болатынын көрсетеді. Сондай ақ, әлеуметтік осал топтарға және жұмыс жасайтын жастарға 1180 пәтер сатып алынды. Бұл тек баспана ғана емес, олардың болашаққа деген сенімін арттырудың бір жолы. Бүгінгі күнде шаһарда білім беру мен мәдениетті дамыту бағытында үлкен жұмыстар атқарылуда. Ұлттық жоба аясында 18 мектептің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл қала тұрғындарының болашағына жасалған инвестиция, әрбір балаға сапалы білім алуға мүмкіндік береді»,- деді.
Биыл Шымкенттегі 11 жаңа мектептің құрылысы аяқталмақ. Бұл 15 800 оқушыға сапалы білім беру мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Ал 2025 жылы тағы 7 мектеп өз есігін ашады. Сонымен қатар, 7 жаңа білім нысанының құрылысы да жоспарланған.
Шаһарда 5 мәдениет үйінің құрылысы жүргізілуде. Бұл нысандар Шымкент тұрғындарына мәдени демалыс пен шығармашылықты дамытуға жаңа мүмкіндіктер сыйлайды. Биылғы жылдың соңына дейін 4 күрделі жөндеу нысаны пайдалануға берілмек. Шымкент қаласының жаңа мектептері мен мәдениет нысандары жас ұрпақты тәрбиелеуге, олардың дамуына және қала тұрғындарының мәдени өмірін байытуға бағытталған. Магаполистегі 13 инженерлік инфрақұрылым нысанының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Биыл бұл нысандардың 11-і пайдалануға берілмек. Қаланың әр ауданында жаңа инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып, тұрғындардың өмір сүру сапасы арта түсуде. 2024 жылы келісім шарт талаптарын орындамаған мердігерлер мен техникалық бақылаушыларға 5,5 млн теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар, «Корпорация Сити-строй» ЖШС мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылды. Бұл қала инфрақұрылымының сапалы әрі уақытылы дамуына ықпал ететін маңызды шаралар.
JQ-Aqparat
Сурет: Шымкент қаласы өңірлік коммуникациялар қызметі