
Бүгінде жол қауіпсіздігі мәселесі ең өзекті болып отыр. Еліміздің ішкі істер министрлігі көрсеткен статистикаға сүйенсек, былтырғы жылы 6,5 мыңнан астам адам жол көлік оқиғасы салдарынан қаза тауып, 55 мың астамы жарақаттанған.Бұл еліміз үшін нағыз трагедия. Сондықтан қазіргі жағдайды түзету үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Жуырда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімовтің жетекшілігімен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Отырыс барысында жауаптылар қала аумағында орын алған жол-көлік оқиғалары мен оның алдын алу шараларын күшейту мәселесін егжей-тегжейлі талқылап, жолдың әрбір қауіпті учаскесі бойынша орындалатын жұмыс барысын пысықтады. Құзырлы орган қызметкерлері осы бағытта қауіпсіздік шаралары мен жол көлік оқиғасының алдын алуға бағытталған жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын айтты. Шымкент қаласы полиция басқармасы тарапынан «Жолдағы қауіпсіздік», «Автокөлік», « Автобус» сынды жедел профилактикалық іс -шаралар өтуде.
Отырыс барысында аудан бойынша жауапты қызметкерлер қала әкімінің орынбасарына жолдағы қауіпсіздік шаралары, проблемалары және оны шешу үшін тиісті мекемелермен бірге істеліп жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.
Айдын Кәрімов ағымдағы жылғы 7 айдың қорытындысы бойынша есептерді тыңдап, жолдағы қауіпсіздік мәселесі едәуір күрделі екенін жеткізді.
Атап айтқанда, 7 айдың қорытындысы бойынша 974 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 4 еседен астам көп. (2023 жылы 189 жол -көлік оқиғасы тіркелген) және соның салдарынан 42 адам қаза тапқан және бұл көрсеткіш те өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 13, 5 пайызға өскен (2023 ж. 37 адам қаза тапқан). Осыны назарға ала отырып, А.Кәрімов жағдайды тез арада жақсарту мәселесінде кешенді шараларды қабылдау және осы салаға бекітілген әрбір қызметкердің жауапкершілігін күшейту бойынша нақты жұмыстарды атқару қажеттігін атап өтіп, сала басшыларына ескерту жасады.
Отырыс қорытындысы бойынша Айдын Кәрімов «Қала тұрғындары жолда жүру кезінде өздерін қауіпсіз сезінуі тиіс, жол жүру ережесі қатаң сақталуы тиіс», — екендігін қайта атап өте отырып, жұмыс топтың отырысы ай сайын өткізілетінін және кешенді шараларды қабылдау жұмысының жалғасатынын хабарлады.
JQ-Aqparat
Cурет: Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі