
Елімізде жыл сайын жатыр мойыны обырына 1900-ге жуық әйел шалдығады. Оның ішінде — 600-ден астам әйел бір жылда осы дерттен көз жұмады. Шымкент қаласы бойынша жатыр мойны обырына 2023 жылы 98 әйел адам шалдықса, осы жылдың жарты жылдық көрсеткіші бойынша 41 адамда бұл диагноз анықталды. Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша 765 әйел жатыр мойыны қатерлі ісігі диагнозымен диспансерлік есепте тұр. Бұл туралы Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Шымкент қалалық онкологиялық орталықтың емдеу ісі бойынша директордың орынбасары Самат Исмаилов айтты.
Оның айтуынша, елімізде жатыр мойны обыры барлық жастағы әйелдер арасында сүт безінің обырынан кейінгі кең таралған обырдың екінші түрі екен.
Ол: «Жатыр мойынының қатерлі ісігі негізінен дамушы елдерде жиі кездеседі. Оның ішінде Орталық және Оңтүстік Африка мемлекеттерінде, Балқан түбегі елдерінде өте жиі кездеседі. Біздің көршілеріміз Орталық Азия мемлекеттерінде де бұл ауру өршіп тұр. Біздің елімізде 100 мың адамға шаққанда 15,7 пайыз көрсеткішті құрайды. Бұл дегеніміз өте жоғары көрсеткіштердің бірі. Жатыр мойнының обыры біздің елімізде сүт безі обырынан кейінгі орында. Жылына бұл дертке екі мыңнан астам шалдығады. Өкінішке орай 600-ден астам адам осы дерттің себебінен қайтыс болады. Бұл көсеткіш жылдан жылға көбейіп келе жатыр. Бұл аурудың пайда болу себебі адам паппиломасы вирусының әсерінен. 1960 жылдан бері бұл ғылыми тұрғыда дәлелденіп, жатыр мойны ісігіне адам паппиломасы негізі себеп болатыны анықталды. Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2020 жылы қабылдаған жатыр мойыны ісігіне қарсы стратегиясы бар. Бұл стартегия үш бағытты қамтиды. Оның біріншісі — вакцинация. Екіншісі- скринингтік тексеріс. Үшіншісі — әйелдер арасындағы профилактикалық тексеру», — деді.
15 жылдан астам (АПВ) қарсы вакцина Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстанды қоса алғанда, дүниежүзінің 135 мемлекеттерінде жасалады.
Вирус анадан сәбиге оның босану жолдарымен өту кезінде беріледі. Сүйелдер көбіне нәрестелерде өмірінің алғашқы жылдарында ауызда немесе теріде пайда болады.
Вакцина — адам жұқтырғанға дейін енгізілсе, ең тиімді болып табылады. АПВ 25 жасқа толмаған адамдар арасында жиі кездеседі. Сонымен қатар, осы жастағы вакцинация ең күшті иммундық реакцияны қамтамасыз етеді.
Қазір аурудың алдын алу бойынша онкологиялық орталықта профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Мамандар тарапынан ақпараттық түсіндіру жұмыстары да қолға алынды.
JQ-Aqparat
Сурет: Шымкент қаласы Өңірлік коммуникация қызметі