
Президенттің тапсырмасына сәйкес, елімізде мемлекеттік бағдарламалар арасында жастардың тегін оқуына, жұмыспен қамтылуына, кәсіппен айналысуына арнайы бағдарламалар қарастырылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте халықты, жастарды жұмыспен қамту – Үкімет үшін аса маңызды міндет екенін айтқан болатын. Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде Сот әкімшілігінің Астана қаласы бойынша департаменті және Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетімен бірлесіп «Елордаға жол» пилоттық жобасын жүзеге асыру бойынша оқу ордасының түлектерімен ашық диалог форматында кездесу өтті, деп хабарлайды аталған оқу ордасының баспасөз қызметі.
Келелі жиынды Басқарма төрағасы – Ректор міндетін атқарушы Қайрат Нұрманбетов жүргізді. Мазмұнды басқосуда Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан, Сот әкімшілігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысының орынбасары Қанат Оспанов, Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Айсұлу Сламбекова тұщымды баяндама жасап, түлектерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Айта кету керек, «Елордаға жол» пилоттық жобасы ең алдымен Шымкент қаласынан бастау алды.
Пилоттың негізгі мақсаты – еліміздің жоғары оқу орындарындағы заңтану мамандығын тәмамдаған түлектерді елордалық соттарға мемлекеттік қызметке шақыру. Бұл – жас ұрпаққа елордада еңбек жолын бастауға және судьялар корпусының кәсіби тәжірибесін үйренуге жол ашатын зор мүмкіндік.
Аталған пилоттық жобаны түсіндіру еліміздің барлық аймағында жүретін болады. Жалпы саны 25 бос жұмыс орнына конкурс жарияланады, — деді сала мамамандары.
Түлектерге қойылатын талаптар да қатал емес. Дәлірек айтқанда, «Заңгер» мамандығы бойынша диплом және мемлекеттік қызметке тест тапсырғаны туралы сертификат болуы шарт. Сонымен қатар Астана қалалық соты басшылығының бастамасымен жұмысқа орналасуға ниетті үміткерлер үшін алаңсыз жұмыс жасауға барлық жағдайлар жасалғанын атап өту керек.
Олар: тегін баспана, жұмысқа барып-қайту тегін, тегін спортзал, қолайлы бағалы асхана. Кездесу соңында түлектер осы жұмысқа орналасу бойынша сала басшыларына көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдап, жауап алды. Болашағынан зор үміт күткен жас достар үшін бұл — таптырмас мүмкіндік болары сөзсіз.
JQ-Aqparat
Сурет: М.Әуезов атындағы ОҚУ баспасөз қызметі