Шомылу маусымы – жаз айларында тұрғындардың көпшілігі су қоймалары мен өзен-көлдерде демалуға шығатын уақыт. Бұл маусым кезінде қауіпсіздік шараларының маңыздылығы ерекше артады. Жыл сайын Шымкент қаласында шомылу маусымына байланысты арнайы дайындықтар жүргізіледі: суға шомылатын аймақтарда құтқарушылардың кезекшілігі ұйымдастырылады, ақпараттық жұмыстар жүргізіледі, сондай-ақ балалар мен ересектерге арналған арнайы судағы қауіпсіздік сабақтары өткізіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Нұржан Қаракөзев айтты.
Оның айтуынша, Шымкент қаласында су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі ерекше назарда. Ол: «Қала аумағында судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау себепті екі жазатайым оқиға тіркелген. Республика бойынша су айдындарында биыл 155 адам суға батып, оның ішінде 47-сі бала екендігі анықталды. Қала әкімдігінің 2024 жылғы шомылу маусымы кезеңінде су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы қаулысы аясында Ғ.Сыздықбековтың бекіткен іс-шаралар жоспары құзырлы мекемелерге жіберілді. Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қамтылды», — деді.
Қазіргі уақытта қала аумағында бес ресми су айдыны белгіленген, оның үшеуіне шомылуға рұқсат етілген: «Холодильник» және «Рахат Бадам» демалыс орындары мен Қошқар ата өзенінің бастауы. Сонымен қатар, Дендрологиялық саябақ пен Жайлау көлдері спорт және туризм үшін арналған.
Қаланың су айдындарындағы қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін қабылданған шаралар мен профилактикалық жұмыстардың нәтижелері қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған.
Биылғы маусымының қорытындысы бойынша, қаладағы су айдындарында ластанудың алдын алу мақсатында бірқатар шаралар жүзеге асырылды. Жергілікті тұрғындар мен еріктілердің қатысуымен бірнеше рет жағажайлар мен су қоймаларының тазалық акциялары өткізілді. Бұл шаралар су айдындарындағы қоқыстың азаюына және экологиялық жағдайдың жақсаруына оң әсер етті. Сонымен қатар, шомылу маусымында экологиялық ережелерді сақтау бойынша ақпараттық науқандар жүргізіліп, тұрғындар табиғатты қорғауға шақырылды. Соның нәтижесінде маусым аяқталғаннан кейін табиғи ортадағы жағдай айтарлықтай жақсарды.
JQ-Aqparat
Сурет: Шымкент қаласы Өңірлік коммуникация қызметі