
Кез-келген өңірде туризм секторы өркендеуі үшін басты екі шарт орындалуы тиіс: саяхатшылар көргісі, тамашалағысы келетін мәдени тарихи мекендердің болуы және жоғары деңгейлі сервис. Заманауи қызмет көрсету үлгісі мен дамыған инфрақұрылым туризмнің демалыс қана емес, басқа да секторларын жолға қоюға мүмкіндік береді. Биылғы маусым айында өткен туризмді дамыту жөніндегі кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде туризмнің барлық салаларын дамытуға мүмкіндік мол екенін, нақтырақ айтсақ, бизнес және экологиялық туризмді өркендетуге болатынын атап өтті.
Шетелдік және отандық саяхатшылар Ұлы Жібек Жолының бойында орналасқан қадым заманғы тарихи орындары мен қонақжай халқы бар Шымқаланы көруге асығады. Ежелгі шаһар аумағында бірқатар тарихи-мәдени нысандар бар. Саяхатшылар Ибраһим ата, Қарашаш ана, Әбдел Әзиз баба, Қожа салық, Мірәлі баба кесенелері, Қызыр мұнарасы және Сайрам қалашығымен танысып, қызықты мағлұматқа қанығады. Сондай-ақ Арбат жаяу жүргіншілер аймағы, «Shymqala» тарихи-мәдени кешені, Бәйдібек би ескерткіші, Зообақ, Сейітжан Қари мешіті, Қошқар ата өзені де туристер үшін қаладағы тартымды мекендер. Бұған қоса, туристер Қазақстандағы алғашқы Дендрологиялық саябаққа бас сұқпай кетпейді.
Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шымқаладан іргедегі Түркістан облысындағы тарихи және көрікті орындарды аралап қайтуға да болады. Сонымен қатар, қала маңындағы таулы аудандарда экологиялық және қысқы туризмді ұйымдастыруға мүмкіндік бар екенін айтқан жөн. Өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы қатар өркендеген мегаполиске соңғы кездері шетелдік кәсіпкерлер көптеп келіп жатыр. Олар белгілі бір салаға қаржысын құймас бұрын, алдымен қаладағы бизнес-климатпен, көлік-логистика, инфрақұрылымның жай-күйімен танысады. Қонақ үйлер мен тамақтану орындарындағы дәм мен қызмет көрсету бойынша нақты мағлұмат алады. Осылайша, олар бизнес-туризмнің дамуына ықпал етеді.
Замануи қонақ үйлердің туристерді көбірек тартуға серпін беретіні белгілі. Шаһарда 8 туристік инвестициялық жобаның құрылыс жұмыстары басталды. Оларды жыл соңына дейін іске қосылуы жоспарлануда. Сондай-ақ «Шымкент Сити» шағынауданында әлемге әйгілі «Hilton» қонақ үйі бой көтеріп, 2026 жылы пайдалануға беріледі.
Шымшаһарға бет алған туристер қатары жыл сайын көбейіп келеді. Шымкент қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Бексұлтан Әділханов келтірген деректерге жүгінсек, өткен жылы шаһарға 449 098 турист келіпті. Бұлардың 420 398-і еліміздегі тарихи әрі көрікті мекенді тамашалауға келген ішкі туристер. Қалғаны — шетелдік саяхатшылар (28 700 адам). Жақын-алыс елдерден келген туристердің алғашқы үштігін Өзбекстан (9844), Ресей Федерациясы (3659) және Қытай Халық Республикасының (2633) азаматтары құрайды.
Қала әкімдігінің осы салаға айрықша мән беруі өз жемісін беріп жатыр. Статистика департаментінің мәліметі де осы пікірді айғақтайды: биылғы жылдың алғашқы тоқсанында шаһарға ат басын бұрған саяхатшы саны 111 733-ге жеткен.
Әлемдік туризмді дамытуда қалыптасқан бір үрдіс бар. Ол –жарнама. Сол арқылы тарихи мекендер мен демалыс орындары таныстырылады. Осы тиімді тәсіл Шымкентте де қолға алынды. Биылғы маусымда дарынды жастармен бірлесе «Контент мейкерлер» клубы құрылды. Клубтың басты мақсаты – шаһардағы туризм әлеуетін видео және фотоматериалдар арқылы әлеуметтік желілерде жариялау мен насихаттау. Сондай-ақ жаз басталғанда 15 шетелдік және 15 отандық блогерге ақпараттық-блог тур ұйымдастырылды. Блог-турдың қорытындысы бойынша Түркия, Мысыр, Латвия, Әзірбайжан және Қырғызстан елдерінен келген блогерлер 310 бейнематериал түсіріп, әлеуметтік желіде 108пост жариялады. Жалпы жарнамалық қаралым саны 4 676 мыңға жетті.
Туризмнің барлық саласы дамып жатқан шырайлы Шымкент бүгінде саяхатшылар міндетті түрде келетін тартымды мекенге айналды.
Талап Тілеген