Ежелден «Ер қанаты – ат» деп білетін қазақтың алты жасар баласы ат құлағында ойнайтын. Сексеннің сеңгіріне шық¬қан қарияның өзі тіксінбей додаға кіретін. Қазіргі заманда ата-баба дәстүрін жалғастыру үшін көкпарды насихаттайтын ірілі-ұсақты жарыстар ұйымдастырып, жүйелі түр-де жұмыс жүргізудің маңызы зор. Бұл іс, әсіресе, еліміздің үшінші мегаполисі — Шымшаһарда мықтап қолға алынған.
Күні кеше Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы мәслихаттарының 30 жылдығына орай тұңғыш рет бозбалалар арасында дүбірлі дода — «Тау тұмар» атты тай көкпары ұйымдастырылды. Бұл бәсекеге республиканың түкпір-түкпірінен 1000-нан астам жасөспірім келіп қатысты. Тіпті көршілес Қырғыз елінен де келіп қатысқандар бар.
Тай көкпардың мақсаты — балаларға көкпар ойынын сезіндіру, ат үстінде шеберлікті шыңдау, тәжірибе көрсету. Көкпар тартуға күш, еп, білек пен біліктілік керектігін насихаттау. Ал аталмыш көкпарға балалар жастығына қарамастан, додаға атойлап, тайсалмай кірді. Төрешілердің айтуынша, көкпар тартатын бала 11-13 жастан аспауы, ал тай бір жасар болуы шарт.
Жалпы елден бата алу үшін көкпар беру атадан балаға жалғасып келе жатқан асыл мұра. Сондай-ақ ұлттық ойындарымызда халықтың өмір сүру әдісі, тұрмыс-тіршілігі, ұлттық дәстүрлері, батырлық-батылдық туралы түсінігі қамтылып, халықтың асыл мұрасын баланың бойына сіңіру қарастырылған. Сонымен бірге адалдық пен күштілікке ұмтылу, шыдамдылық, төзімділік, сабырлық секілді құндылықтарға мән берілу байқалады. Мұның бәрі – халық данышпандығының белгісі. Буыны бекіп келе жатқан балаларды мергендікке, шапшаңдыққа, ептілікке баулитын спорттық ойындарымыз да баршылық. Үлкенге де, кішіге де арналған, өмір бойы құндылығын жоғалтпайтын ойындар да жетерлік. Солардың бірі — осы тай көкпар. Бозбалалар көкпар ойынының көрігін қыздырып, өздерінің ептіліктерін байқатты.
Нәтижесінде, ұлттық спорттың болашағы – жас шабандоздардың мықтылығы сарапқа салынған додада әр салымға ақшалай сыйлық берілсе, өгіз өлдіге көлік тігілді.
JQ-Aqparat
Суреттер: Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі