Экономиканы монополиядан арылту жөніндегі комиссияның шешімін орындау мақсатында Шымкент қаласының әкімдігі заңсыз берілген жер телімдері мен нысандарды мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл туралы «Шымкент қаласындағы бұрын жекешелендірілген стратегиялық сумен жабдықтау және су бұру объектілерін мемлекет меншігіне қайтару» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Жиынға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов пен қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұлов қатысты.
Айдын Кәрімовтың айтуынша, 1996-1998 жылдары Шымкент қаласының сол кездегі әкімі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын монополиядан арылту аясында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жекеменшікке беру туралы шешім қабылдаған. Осыған орай, қазір заңсыз жекешелендірілген нысандарды мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Тасымалдау барысында қаладағы жалғыз мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның екі су қабылдағышы «Тассай-1» және «Тассай-2», «Уникансервис» тазарту қондырғысы және «ТрансВиК» автокөлік шеберханасы еншілес ұйымдарға бөлінді. Одан әрі құрылған төрт еншілес кәсіпорын мен қосымша «Бадам-Сайрам» және «Ақбай-Қарасу» су қабылдағыштары да жекешелендіруге берілді.
Жиында Шымкент қаласында су мен кәріз тарифтері басқа республикалық маңызы бар қалалармен салыстырғанда айтарлықтай жоғары деңгейде қалып отырғаны да сөз болды. 2003 жылы қабылданған Су кодексіне сәйкес, қалаларды сумен жабдықтау мен су бұру жүйелерінің құрылымдары мемлекет меншігінде болуы тиіс және жекешелендіруге жатпайды. Алайда Шымшаһарда тарифтердің жоғары болуы және сапасыз қызмет көрсету мәселелері күн тәртібінде тұр.
Шымкентте су тарифі тұрғындар үшін шамамен 97 теңге болса, Астанада бұл көрсеткіш 65 теңге, Алматыда 55 теңге. Осыған ұқсас, кәріз тарифтері де жоғары: Шымкентте тұрғындар үшін 51 теңге, Алматыда 25 теңге, Астанада 26 теңге. Бюджеттік ұйымдар үшін кәріз тарифі Шымкентте 415 теңге, Астанада 281 теңге, Алматыда 81 теңге. Бұл айырмашылықтар тұрғындардың қаржылық жүктемесін арттыруда.
Сарқынды судың жағымсыз иісі туралы тұрғындардан көптеген шағымдар келіп түсуде. Бұл «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің сарқынды суды тазарту және шығару жұмыстарының төмен сапасын көрсетеді. Мұндай мәселелер тұрғындардың денсаулығына және экологиялық жағдайға кері әсерін тигізуі мүмкін.
Шымкент қаласының әкімдігі сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін мемлекет меншігіне қайтаруды жоспарлап отыр. Бұл шара тарифтерді төмендетуге және қызмет көрсетудің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік меншіктегі нысандар тарифтік шығындарды тиімді бақылауға және жүйелі жұмыстар жүргізуге жол ашады.
Шымкент қаласының әкімдігі тарапынан аталған шаралар арқылы су мен кәріз жүйесінің тиімділігін арттыру және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау көзделуде.
JQ-Aqparat
Суреттер: Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі