
Бүгінде Шымкент қаласына Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облысының делегаттары келіп, тұрғындарға ерікті қоныс аударудың тәртібін түсіндіруде. Делегаттар Забадам, Қаратөбе және Базарқақпа елді мекенінің тұрғындарымен кездесіп, қоныс аудару жөніндегі сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының баспасөз қызметі.
Жұмысшы топтың жетекшісі, Павлодар облысы Еңбек мобильдігі орталығының директоры Меруерт Сейітбекқызы мегаполис тұрғындарына ерікті қоныс аударуға берілетін әлеуметтік көмектер мен солтүстіктегі өңірлердің гоеграфиялық орналасуы, әр аймақтың өзіндік ерекшеліктері туралы баяндап берді.
Биыл Шымкенттен Солтүстік және Шығыс Қазақстанға 284 адам қоныс аударыпты. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәлімдеуінше, олар Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Абай облыстарына тұрақтаған. Жоғары білімін растаған 67 маманға сондағы медициналық ұйымдар, мектептер мен өрт сөндіру қызметінен жұмыс ұсынылды. Ал қалғаны шаруашылықпен айналысып, кәсіп ашқан. Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы аясында жыл соңына дейін тағы 167 отбасыны ерікті түрде көшіруге квота қарастырылған. Өтініш берушілердің білімін растайтын құжаты немесе оқуға деген ынтасы болуы тиіс. Сонымен қатар есепшоттары бұғатта болмауы керек деген талап қойылады.
Шымкент сияқты оңтүстік аймақтар дәстүрлі түрде халықтың тығыздығымен ерекшеленеді, ал солтүстік облыстар еңбек ресурстарының тапшылығын сезінеді.
Мансап орталығының бөлім басшысы Әлібек Усманов солтүстік өңірлерде мамандардың жетіспеушілігі әсіресе денсаулық сақтау және білім беру салаларында сезілетінін атап өтті. Жыл соңына дейін Шымкенттен тағы 167 отбасын көшіру жоспарланып отыр.
«Қазір қоныс аударушылар саны артып келеді, өйткені жақсы жеңілдіктер бар. Бізге әр екі айда әр түрлі аймақтардан делегаттар келеді. Олар тұрғын үймен қалай қамтамасыз етілетінін, кәсіпкерлік қызмет үшін қандай мүмкіндіктер бар екенін айтады. Қоныс аударушыларға да белгілі талаптар қойылады», — деді Шымкент қаласының Мансап орталығының бөлім басшысы Әлібек Сманов.
Тұрғындарды толғандырған ең көп сұрақтың бірі – баспанамен қамту төңірегінде болды. Делегаттар қоныс аударуға ниеттенген азамттарға мемлекет тарапынан берілетін үйлер, жалдамалы пәтерді субсидиялау және ұтқырлық сертификаты жөнінде түсіндірді.
JQ-Aqparat
Фото: Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы