
Шымкент қаласының әкімі кезекті аралау барысында бірқатар маңызды нысандарды тексеріп, олардың жағдайымен танысты. Ғабит Сыздықбеков ең алдымен Қаратау ауданындағы Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханаға бас сұқты. Әкім кітап қорын, әсіресе, шет тіліндегі балалар әдебиетін көбейту қажеттігін айтты.
Одан кейін шаһар басшысы А-2 автожолын қайта жаңғырту жұмысының 6-7 кезеңін және Өтегенов көшесінің жөндеу жұмыстарын да қарап шықты. Мердігерлерге жаяу жүргіншілер жолын абаттандыру мен көгалдандыруға ерекше назар аударуды тапсырды.
Сонымен қатар, Тұран ауданының «Жаңаталап» тұрғын алабындағы жаңа көпір құрылысын тексеріп, жұмыстардың кестеге сай жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жауапты мамандарға жұмыстың сапасы мен мерзімін сақтау қажеттігін ескертті.
Шаһар басшысы Тұран ауданындағы қоқыс полигонында болып, оның жұмысын ұйымдастыру барысын бақылап, қатты тұрмыстық қалдықтарды тасымалдау және кәдеге жарату мәселелерін талқылады.

Жаяу аралау кезінде қала басшысы Әйтеке би, Төле би көшелерінің, «Ордабасы» алаңының, «Көл» және «Шәмші Қалдаяқов» саябағының санитарлық жағдайын тексеріп, аудан әкімдері мен тиісті сала басшыларына аумақтың тазалығын қамтамасыз етіп, анықталған кемшіліктерді жедел түрде түзетуді тапсырды.
Ал әкімнің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте Конституция күніне арналған негізгі іс-шаралар жоспары, бюджеттің атқарылуы мен жобалық офистің жұмыстары талқыланды.

Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Конституция күніне арналған мерекелік концерттік бағдарламаны таныстырды. Мереке қарсаңында бес ауданда 20 іс-шара ұйымдастырылады, салтанатты жиындар Нұрсәт өнер мектебінде, Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда, Шымсити саябағы мен Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда және Оқушылар сарайы мен «Түркістан» сарайында өтеді. Қала әкімі салаға жауаптыларға еліміздегі елеулі күнге арналған іс шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруда нақты тапсырма берді.
Қаржы басқармасының басшысы Р. Бақтыбаев қаңтар-шілде айындағы бюджеттің атқарылу қорытындыларын баяндап, қаржыландыру жоспарын талдап, игерілмеуі мүмкін қаражаттарды қысқартуды, тиімді салаға бағыттауға бюджеттік нақтылауға ұсыныс беруді, мемлекеттік сатып алу конкурстарының өтуін толық зерделеуді ұсынды. Қала әкімі аудан, сала басшыларына қаржыны тиімді игеруді қатаң қадағалауды тапсырды. Сонымен қатар тұрғындармен кері байланысты күшейтіп, өзекті мәселелерді шұғыл, оңтайлы шешуді назарға алу қажеттігін ескертті. Қала тазалығын қамтасыз етуді, мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын пысықтау қажеттігін жеткізді.
JQ-Aqparat
Суреттер: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі