
Елімізде отбасы, балалар мен әйелдердің қауіпсіздігін қорғайтын арнайы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия бар. Комиссияның бір міндетіне әйелдердің жағдайы мен отбасылық-демографиялық ахуал мәселелерiн талдау және еліміздегі гендерлiк және отбасылық-демографиялық саясаттың негiзгi бағыттары бойынша мемлекеттiк органдарға ұсыныстар мен ұсынымдарды тұжырымдау кіреді. Шымкент қаласында да осындай комиссия жұмыс істейді.
Бүгін осы Шымкент қаласы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері арнайы жиын өткізді. Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жиынға қала әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Сәрсен Құранбек, басқарма басшылары және жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде әйелдер мен балалардың құқығы, «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасының іске асырылуы туралы мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, әйелдер мен балалардың еңбегінің қорғалуы, дискриминацияға жол бермеу, жалғыз қалған қарт адамдарды әлеуметтендіру бойынша тиісті басқарма басшыларының баяндамасы тыңдалды. Сондай-ақ «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасының Абай ауданында іске асырылуы барысы талқыланды.
Жиында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева қарттарды әлеуметтендіру бағытындағы атқарылған жұмыстарды баяндады. Шымкентте қазір 93 407 зейнеткер бар. Оның екеуі — ҰОС ардагері, 1767-і тыл еңбеккері. Зейнет жасындағы ардагерлердің санаторлық-курорттық сауықтырумен қамту үшін қалалық мәслихаттың шешімімен жыл сайын 5 000 жолдама беріледі. Басқармаға қарасты 70 орынға арналған «Ізетті зейнеткер» сауықтыру кешені ашылғаннан кейін 2000 зейнеткерді сауықтыру шипажайымен қамту мүмкіндігі туды. Осылайша жылына 7000 зейнеткерді шипажайда сауықтыру емін қабылдауына жағдай жасалды.
Биыл мемлекеттік тапсырыс аясында 4 шипажаймен келісім-шарт түзілді. Олар «Ақсу демі» шипажайы, «Айша-Бибі» шипажайы, «Күлпаршын» және қала ішіндегі «Денсаулық» шипажайлары. Аталған шипажайларға 7 айдың қорытындысымен 2 355 жолдама берілді. Ал, «Ізетті зейнеткер» сауықтыру кешенінде 1 170 зейнеткер сауықтыру емін алды.
№10 әлеуметтік қызмет көрсету орталығында I, II топтағы мүгедектер және егде жасына байланысты өзіне қызмет көрсете алмайтын қарттарға стационарлық қызмет көрсетеді. Орталықтың сыйымдылығы – 70 төсек орын. Қазіргі онда орталықта 61 қарт бар.
№ 7 үйде қызметтер көрсету жағдайында қызметтер көрсету орталығындағы 73 әлеуметтік қызметкер 560 жалғызілікті қартқа аптасына екі рет үйіне барып қызмет көрсетеді.
«Белсенді ұзақ өмір орталығы» мекемесінің қалада 4 бөлімшесі жұмыс істейді. Мұнда күніне екі ауысыммен 560 зейнеткер қызмет алып отыр
JQ-Aqparat
Cурет: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі