
Шымкент қаласының аумағында Шымкент қаласы әкімдігінің теңгеріміндегі «Жасыл Белдеу» және Түркістан облысы әкімдігіне қарасты «Бадам» орман шаруашылықтары орналасқан. Екі орман шаруашылығының жалпы жер көлемі – 4 826 гектар. Оның ішінде орманды алқабы 2 999 гектар, ормансыз алқап 1827 гектарды құрайды. Шымкент қаласы аумағындағы орман қорын қорғау жұмыстары жайында Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Еркін Отарғалымұлы айтып берді.
Орман қорын қорғау мақсатында екі шаруашылықтың балансында, 3 негізгі өрт сөндіру техникасы, 14 бейімделген техника және 279 өрт сөндіру құралдары мен 6 мотопомпа бар. Қазіргі кезде жабдықтау мен 20 жеке құрамы дайындыққа келтірілген.
Еркін Отарғалымұлының айтуынша, бүгінгі таңда өрт қаупі жоғары кезеңде орман және дала өрттерінің туындау тәуекелін төмендету мақсатында азаматтық қорғау, жергілікті атқарушы органдар, жергілікті полиция қызметінің және орман шаруашылығы мекемелерінің қызметкерлері қатарынан мобильді топтар құрылып, мемлекеттік орман қоры аумағына жеке тұлғалардың белгіленбеген орындарда от жағу және көлік құралдарының кіруін шектеу бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізуде.
Биыл ықтимал өртті жер жырту жолымен оқшаулау мақсатында жалпы ұзындығы 1110,5 км құрайтын минералдандырылған жолақтарды жырту жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 241,4, орман алқаптарында — 467 және егіс алқаптарының айналасында 402,1 шақырым.
Департаментте ықтимал орман және дала өртін сөндіруге жоғары өтімді 13 техника (негізгі — 5, арнайы — 4, қосалқы — 4) және 84 адам жеке құрамы кез келген уақытта сақадай-сай дайын тұр.
Өрт қаупі жоғары кезеңде орман қоры аумағында пилотсыз ұшу аппараттарымен бақылау жұмыстарын жүргізуге арналған жауынгерлік 5 дана пилотсыз ұшу аппараттары дайындыққа келтірілген. Оның төртеуі жылу анықтағыш камералармен жабдықталған.
Сондай-ақ орман дала алқаптарында табиғи өрттер орын алған жағдайда орман шаруашылығы мен азаматтық қорғау органдарының арасында жедел өзара іс-қимыл жасау мақсатында радиобайланыс орнатылып, күнделікті тексеру жұмыстары жүргізіледі. Департамент мамандары тарапынан орман өртінің алдын алу мақсатында тұрғындарға жадынамалар таратылып, ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
JQ-Aqparat
Сурет: Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі