
Шымкент қаласында «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясын ұйымдастыру және өткізу бойынша іс-шаралары басталды. Биыл қаладағы 56 183 балаға көмек көрсетіледі. Жоспарланған қаржы 2 400,9 млн тенге (әр балаға 43 500 т). Бүгінгі таңда 3 406 балаға 156,7 мың теңге аударылды. Ағымдағы жылдың 10 тамызына дейін 30 мыңға жуық балаға қаржы аударылатын болады. 20 тамызға дейін барлық қаржы игерілді.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева баяндады.
Бұл көмек мемлекеттік мектептерде жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 Қаулысы негізінде «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасыларға, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне және жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға және өзге де санаттағы білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қаржылай және материалдық көмек.
Басқарма басшысының айтуынша, Шымкент қаласында «Мектепке жол» жыл сайынғы республикалық акциясы 1 тамызда басталды.
Ол: «Акцияның мақсаты – аз қамтылған, көп балалы, тұрмысы жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік көмек көрсету, әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке келмеуінің алдын алу»,-деді.
Жиын барысында көмек қандай санаттағы отбасының балаларына берілетіні айтылды:
1) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға – 11 390
2) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларға – 39 841
3) отбасыларда тұратын жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға – 399
4) білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына (бұдан әрі – білім алушылар мен тәрбиеленушілер) – 4 553.
Қаржылай және материалдық көмек көрсетуге бөлінетін қаражатты қалыптастыру, жұмсау бағыты мен есепке алу тәртібін айқындайды. Қамқоршылық кеңес білім беру ұйымының алқалы басқару органы болып табылады.
JQ-Aqparat
Сурет: Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі