Қазіргі таңда Шымкент қаласының әкімдігі тарапынан халық игілігі үшін бірқатар нысанды мемлекет меншігіне қайтаруда кешенді жұмыстар жүргізілуде. Әлеуметтің маңызы бар нысандар әкімдік тарапынан бақылауға алынды. Олардың қатарында “Мұз сарайының” ғимаратына қатысты да іс шаралар бар, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі. Нысан осыдан жеті жыл бұрын «Мұнай Құрылыс Сервис» ЖШС-не 128 миллион теңгеге сатылған. Жалпы сол кездегі ғимаратты бағалау құны 996 миллион теңге болған. Жеңімпазбен шарт жасалғанмен, келісімде нысанның бейінін сақтау көрсетілмеген.
Осындай жәйттерді ескере келе қаланың құзырлы органдары мен прокуратурасы тексеру шараларын жүргізіп, мемлекеттік мүддеге қайшы ұйымдастырылған аукцион барысында бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады. Қадағалау органы Шымкент қаласының ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотына мемлекеттің үлесін сатып алу келісім-шартын жарамсыз деп тану туралы талап-арыз жолдаған болатын. Сот шешімімен прокуратураның арызы қанағаттандырылды. Осылайша, «Мұз сарайы» мемлекет меншігіне қайтарылды.
Сондай-ақ 2021 жылы «№2 қалалық емхана» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны МКК «AUHAL» ЖШС-не сенімгерлік басқаруға 15 жыл мерзімге берілген. Сенімгерлік басқару шартының талаптарына сәйкес серіктестік нысанға 500 млн теңге инвестициялауға міндеттеме алған. Қаражат ғимаратты қайта жабдықтауға, халыққа тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету үшін қажетті медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуге, уақытылы медициналық көмекті ұсынуға бағытталуы керек болатын. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша талаптардың орындалуына бақылау жүргізу мақсатында құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен арнайы жұмыс тобы құрылды. Тексеру барысында нысанды басқаруда айтарлықтай бұзушылықтар анықталды.
Сенімгер басқарушыға анықталған бұзушылықтарды жою қажеттілігі туралы хат жолданды. Алайда, ұйым тарапынан орын алған кемшіліктерді жою шаралары қабылданған жоқ. Қала әкімдігі шартты сот тәртібімен бұзу туралы талапқа бастамашы болды. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты бұл талапты қанағаттандырды. Жуырда аудиторлық тексеру жүргізу, сондай-ақ халыққа сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында медициналық техниканы жаңарту жоспарлануда.
JQ-Aqparat
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі