Шымкент: Көкпардан ересектер арасындағы республикалық турнир өз мәресіне жетті

16 мамыр, 14:03

Биыл еліміздің бас қаласында алғаш рет өтетін Ⅴ Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында шырайлы Шымкент қаласында көкпардан ерексектер арасында республикалық турнир ұйымдастырылды. Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, айтулы додаға Жамбыл, Тұрар Рысқұлов, Қаратау, Түлкібас, Абай, Қазығұрт және Тұран аудандарының құрама командалары қатысып, бақ сынады. 11 мамыр мен 16 мамыр аралығында өткен бұл турнирге аудандардың, моноқалалардың командалары ғана қатысуына рұқсат етілді.

Міне, бес күнге созылған дүбірлі доданың финалдық кездесуі де өте шықты. Өз тобынан алдына жан салмай бірінші болып өткен Түлкібас ауданының командасы мен екінші топтан Абай ауданының құрама командасы ақтық сында кездесті. Бұл соңғы жылдары болмаған, көрермен көп күткен өте тартысты, бейнелеп айтқанда, «жан алып, жан беріскен» кездесу болды. Алғашқы минуттардан-ақ, командалар бір-біріне қарсы шабуылды үдете түсті. Осыған қарап жиналған қауымның делебесі қозып, көкпардың қызу да қызықты өтетіндігін бажайлады. Дода 9-7 есебімен аяқталып, Түлкібас ауданынан келген команданың айы оңынан туды. Үшінші орын үшін текетіресте Жамбыл ауданының командасы мен Тұрар Рысқұлов ауданының құрама командалары ғана кездесуі керек болған еді. Бірақ Тұрар Рысқұлов ауданынан алаңға небәрі алты шабандоздың шығуына байланысты, оларға техникалық жеңіліс есептелді. Себебі, көкпардың бекітілген ережесіне сәйкес, егер алаңға шығатын команданың ойыншылары 8 шабандоздан аз болса, автоматты түрде жеңіліс болып есептеледі. Осылайша Жамбыл ауданының командасы жүлделі үшінші орынды иеленді.

Айта кетейік, турнирдың жүлде қоры қомақты — 20 000 000 теңге. Жарыс нәтижесі бойынша, басқаларға дес бермеген Түлкібас командасы алтыннан алқа тағып, жүлделі 8 000 000 теңгені қанжығаға салды. Ал күмісті місе тұтқан Абай ауданы командасына 6 000 000 теңге табысталды. Қола жүлдеге қол жеткізген Жамбыл ауданының көкпаршыларына 4 000 000 теңге сыйақы табысталды.
Жарыс қорытындысымен басқа да номинациялар бойынша сыйлықтар тапсырылды. «Үздік ойыншы» номинациясын Әділет Мамыт жеңіп алса, «Үздік шабуылшы» номинациясы Нышанбеков Абылайханға бұйырды. Оған қоса, «Үздік төреші» номинациясын Жамбыл облысынан Ақылбек Қымызбаевқа берілсе, ал «Ең үздік сәйгүлік» атағын «Намыскүрең» жеңіп алды. Қосымша әр номинацияға 335 000 теңге сыйақы табысталды.

JQ-Aqparat

Cуреттер: Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі

26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында ұздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 17:38
Түркістан: Есірткіге қарсы профилактикалық шаралар қарқынды жүріп жатыр
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу
23 шiлде, 12:11
Түркістан: Миллиондаған қарызы бар борышкер мен мас жүргізуші құрықталды
23 шiлде, 12:06
Түркістан: «Таза Қазақстан» аясында 21 000-нан астам құқық бұзушылық анықталды
23 шiлде, 11:56
Түркістан: Шардара ауданында профилактикалық іс-шаралар жалғасуда
22 шiлде, 14:26
Түркістан: Жетісай ауданында қауіпсіздік іс-шаралары өтуде