
Қоғамдық қабылдаулар тұрғындардың мемлекеттік органдармен байланысы үшін тиімді құрал болып отыр. Қабылдау негізінде түскен барлық ұсыныстар мен сұрақтар мемлекеттік мекеме басшылары тарапында бақылауда болып, тиісті шаралар атқарылып келеді. Тегін консультативтік, құқықтық және өзге де көмек көрсетіледі. Осыған орай Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева «AMANAT» партиясы қалалық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді, деп хабарлайды аталған басқарманың баспасөз қызметі.
Басқарма басшысының қабылдауына жазылған тұрғындар мүгедектігі бар азаматтарға арналған «Инватакси» қызметі, зейнеткерлерге арналған шипажай жолдамасы, ерекше балаларды сауықтыру, жұмыспен қамту және атаулы әлеуметтік көмек жайында мәселесін жеткізді. Қабылдау барысында Жанат Өмірсейітқызы әрбір тұрғынның мәселесімен жіті танысып, заңдылыққа сәйкес түсініктеме берді.
«Инватакси» қызметін қолдануға қатысты мәселесін айта келген тұрғындарға Жанат Өтебаева заң нормаларында көрсетілген қағидаларымен таныстырып, қандай жағдайда бұл көлік қызметін пайдалануға болатынын түсіндірді.Ол үшін арнайы онлайн қызметті таңдау керектігін айтты.
Ал, зейнеткерлерді шипажайда сауықтыру емімен қамту жөнінде өтініш айтып келген 82 жастағы ардагерге ол үшін geo-shym.kz порталы арқылы кезекке тіркелеу тиіс екені айтылды. Кезекке тіркеліп, реті келгенге дейін зейнеткерге «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының қызметі ұсынылды.
Жанат Өтебаеваның айтуынша, халықты толғандырған мәселемен танысу үшін қоғамдық қабылдаудың маңызы зор.
Ол: «Қоғамдық қабылдау кезінде біз әрбір азаматты жеке қабылдап, оны толғандырған мәселесіне терең үңілеміз. Ал мәселесін шешу үшін арнайы мамандарға тапсырма беріледі. Әлеуметтік көмек алу, мүгедектік бойынша қызметтер мен жұмыспен қамту мәселелері алдыңғы қатарда. Халықты толғандырған мәселелермен танысу мақсатында біз ай сайын қоғамдық қабылдау өткізіп отырамыз. Алдағы уақытта да қоғамдық қабылдау арқылы, тұрғындады жеке қабылдап, олардың мәселесіне жіті назар аударамыз», — деді.
Сонымен қатар, қоғамдық қабылдау барысында жұмыс сұраушыларға бос жұмыс орындарын ұсына отырып, мәселесін шешу үшін тиісті бөлім басшыларына тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан айтылған мәселелердің барлығы бақылауында болатынын жеткізді.
JQ-Aqparat
Сурет: Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы