
Шымкент сияқты ірі мегаполисте күн сайын атқарылатын шаруа көп болатыны заңдылық. қала тұрғындары тарапынан айтылатын өтініш пен ұсыныс та көп. Оның бәрі тікелей қала әкімінің қабылдауында қарастырылады. Осы аптада шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков «Amanat» партиясының филиалында азаматтарды қабылдап, тұрғын үй, жер қатынастары, кәсіпкерлік және көлік инфрақұрылымы сияқты маңызды салалардағы мәселелерді талқылады. Тұрғындар қаладағы су құбырларының өткізу мүмкіндігін арттыру үшін автоматты тазарту станциясын орнату қажеттілігі туралы өз ұсыныстарын білдірді.
Сондай-ақ Ғабит Сыздықбеков әріптестерімен бірге қала әкімдігінде 120-дан астам азаматты қабылдады. Тұрғындар білім беру, әлеуметтік көмек көрсету, тұрғын үймен қамтамасыз ету және жер телімдерін заңдастыру мәселелерін көтерді. Ерекше балаларға арналған мектеп салу, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару жобаларын таныстырды.

Шаһар басшысы азаматтардың барлық ұсыныстарын мұқият тыңдап, тиісті шешімдер қабылдады. Барлық мәселенің бақылауда болатынын және заң шеңберінде шешілетінін баса айтты. Аудан әкімдері мен басқарма басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуын қатаң қадағалау жүктелді.
Қала әкімі тұрғындармен қаланы аралау барысында да жиі кездеседі. Сондай бір кезекті кездесу «Бозарық» шағын ауданында жалғасын тапты. Онда елді мекеннің орналасу жоспарына өзгерістер енгізу, шалғай көшелерге табиғи газ бен кәріз жүйесін жүргізу мәселелері талқыланды.
Әкім Абай ауданындағы «Қамқорлық» №8 балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығына да барды. Орталықтың жағдайын тексеріп, қызмет алатын балалардың ата-аналары үшін жұмысқа орналастыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

«Нұршуақ» шағын ауданындағы «жайлы» мектептің құрылысымен танысқан әкім мердігер ұйымға жұмысты сапалы әрі уақытында аяқтауды міндеттеді. Сондай-ақ, «Алтынтөбе» тұрғын алабындағы көкөніс пен жемістерді өңдеп, консерві шығаратын кәсіпорынға барып, тауарларды сатуға қолдау көрсету қажеттігін айтты.
Ал «Қызылжар» шағынауданының тұрғындары әкімге табиғи газ, ауыз су және электр қуатымен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. Инфрақұрылымдық жұмыстарды жеделдету тапсырылды.

Аралау барысында әкім «Ақтас» шағынауданындағы қаңғыбас жануарларға арналған орталықты тексеріп, жануарларды ұстау ережелерін қатаң сақтауды ескертті.
JQ-Aqparat
Суреттер: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі