
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, еліміздің үшінші мегаполисін интернетпен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Жоспар бойынша 2025 жылға қарай Шымшаһар жүз пайыз талшықты-оптикалық және мобильді интернет желісімен қамтылуы тиіс.
Ал әзірге қала тұрғындары үшін жақсы жаңалық: бес қоғамдық орынға қосымша 15 wi-fi құрылғылары орнатылып, жалпы саны 70 wi-fi құрылғылары іске қосылды. Талдау нәтижесі бойынша, мобильді байланыс операторларымен бірлесе отырып, интернет сапасы төмен 42 нүктеге базалық станция орнату жұмыстары жоспарланған болатын. Бүгінгі күні 30 нүктеде базалық станция орнатылып, қолданысқа енгізілді.
Шымкент қаласында тұрғындарға қолайлы жағдай жасау және заманауи технологияларды пайдалану мақсатында қоғамдық орындарды тегін Wi-Fi желілерімен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы аталмыш бастама шеңберінде қаладағы 20 қоғамдық орынға 55 Wi-Fi құрылғысы орнатылған болатын. Ағымдағы жылы қосымша тағы 5 қоғамдық орынға — 15 Wi-Fi құрылғысы орнатылып, жалпы саны — 70 Wi-Fi құрылғысы іске қосылды. Бұл қала тұрғындарына кез келген қоғамдық орында интернетке оңай қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Тегін Wi-Fi желілері қала тұрғындары мен қонақтарына көптеген артықшылықтар ұсынады. Енді олар қоғамдық көліктерде, саябақтарда, алаңдарда, мәдени орталықтарда және басқа да орындарда интернетке қосыла алады. Wi-Fi қажетті ақпаратты жылдам алуға, жұмыс істеуге, білім алуға, немесе жай ғана әлеуметтік желілерде уақыт өткізуге мүмкіндік береді. Шымшаһардағы Бәйдібек би, Әкімдік алаңы, Аэропорт, Дендросаябағы, Нұрсат аллеясы, Назарбеков көшесіндегі гүлзар т.б. жерлерге орнатылды.
Сонымен қатар, қала тұрғындары үшін «2GIS» қосымшасында арнайы бөлім енгізілді. Бұл бөлімде жедел қызметтердің байланыс нөмірлері, олардың орналасқан жері және қаладағы тегін Wi-Fi желілері туралы толық ақпарат көрсетілген. Мұндай шешім қала тұрғындарының қажетті ақпаратқа жылдам қол жеткізуін жеңілдетеді және қаланың цифрлық инфрақұрылымын дамытуға септігін тигізеді.
Айта кетейік, биыл оптика желісін жүргізу үшін жеке инвесторлармен меморандум жасалды. Осы меморандум аясында жыл соңына дейін тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Сондай-ақ шаһар мектептеріндегі интернетті 150 мб/сек дейінгі жылдамдыққа көтеру жұмыстары қолға алынып, ойдағыдай атқарылып жатыр.
JQ-Aqparat
Сурет: Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі