
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев есірткінің таралуына мықты тосқауыл қою қажеттігін үнемі айтады. Өйткені ХХІ ғасырдың тажалы өскелең ұрпақтың болашағына балта шауып, ұлт қауіпсіздігіне қауіп төндіріп тұр. Сондықтан құқық қорғау органдары есірткі бизнесі мен оны таратуға қарсы ымырасыз күрес жүргізіп келеді. Жастар арасында нашақорлықтың өрістеуіне жол бермеу үшін есірткі өндірісіне, сырттан тасымалдап, таралуына жол берілмеуі тиіс. Шымшаһардың құқық қорғау органдары бұл істі жоғары деңгейде атқарып отыр.
Жаз айы басталарда полиция қызметкерлері Шымкент тұрғынынан аса ірі мөлшердегі трамадол тәркіледі. Күдіктінің пәтерінде құрамында психотроптық заттар бар анальгетиктің 99 пластинасы табылды. «Сасқан үйрек артымен сүңгидінің керімен» ұсталған әйел әлгі таблеткаларды көшеден тауып алдым деп ақталды.
Ал 21 маусымда Шымкент қаласы Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел іс-шараларды өткізу нәтижесінде есірткі заттарын өндіретін зертхананы әшкереледі.
Қаратау ауданының аумағында орналасқан үйді тінту кезінде синтетикалық есірткі жасауға арналған құрал-жабдықтар, салмағы екі тонна құрайтын прекурсорлар мен 11 келіден астам мефедрон табылып, тәркіленді. Осыған қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілді.
Жалпы бірінші жарты жылдықта Шымшаһардың полиция қызметкерлері заңсыз айналымнан 35 келіден астам есірткі заттарын тәркілеген. Оның ішінде 20 килограмы — синтетикалық есірткі.
Биылғы 1 маусымнан бастап 31-қазанға дейін қалада республикалық деңгейдегі «Қарасора-2024» арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Осы операция басталған күннен бүгінге дейін Шымкентте есірткінің, психотроптық заттар мен сол тектестердің заңсыз айналымымен байланысты жалпы 132 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Оның 46-ы қылмыс, 86-ы қылмыстық теріс қылық санатында.
Соның ішінде, іс-шараның негізгі бағыты болып табылатын құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру бойынша жалпы 23 дерек анықталған. Мәселен, Тұран ауданында тексеру жұмыстарын жүргізгенде өз үйінде жеті түп «сора» өсімдігін баптап өсірген 61 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Тәркіленген есірткі өсімдіктердің жалпы салмағы екі килодан асады.
Сондай-ақ Әл-Фараби ауданының 55 жастағы тұрғыны өз пәтерінде 3 гүл егетін шелекке 14 түп «сора» есірткі өсімдігін отырғызып, күтіп-баптаған. Оларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Тәртіп сақшылары есірткі өсірудің алдын алу үшін қаладағы барлық тұрғын үйлер мен аулаларды жиі аралайды. Бұл іс департамент басшылығының бақылауында.

Есірткі тасымалдаушылар пошта мен теміржолды пайдалануға тырысатыны белгілі. Сондықтан шаһар полициясы осы арналармен есірткі тасымалын анықтау бағытын қатаң қадағалауға алған.
Айталық, қала аумағына есірткі құралдары мен психотропты заттардың заңсыз енуіне сенімді тосқауыл қою мақсатында, Шымкент қаласының полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және кинологиялық қызмет орталығының қызметкерлері ұдайы түрде бірлескен тексеру жұмыстарын жүргізеді. Сондай іс-шараның бірі Шымкент қаласында орналасқан «Қазпошта» АҚ Түркістан облысы бойынша филиалының пошта сұрыптау-тасымалдау басқармасында және теміржол вокзалында өтті.
Кинологиялық қызмет орталығының қызметтік иттерінің қатысуымен өткен тексеру, пошта және теміржол жөнелтілімдері арасында есірткі контрабандасын, сондай-ақ өзге де заңға қайшы заттарды заңсыз тасымалдау деректерін анықтау мен жолын кесуге бағытталды.

Есірткі бизнесі орасан табыс көзі болғандықтан, оның өндірісі мен трафигіне тосқауыл қою тұрақты іс-қимылды қажет етеді. Бұл орайда халық қалаулылары тарапынан есірткі өндірісі үшін жауапкершілікті күшейту туралы ұсыныс бар. Есірткі өндіргені үшін жазаны өмір бойына бас бостандығынан айыруды көздейтін заң жобасы Мәжіліс қарауында. Бірақ мұндай заң қабылданғанымен, елімізден есірткі атаулы із-түзсіз жоғалады дегенді білдірмейді. Сондықтан Шымкент қаласының полициясы тұрғындармен бірігіп, есірткі өндірісі мен осы кесапаттың таралуына қарсы күресін жалғастырады.
JQ-Сарап