Еліміздегі ең ірі мегаполистің бірі — Шымкент шаһары қарқынды дамып келеді. Әсіресе қаланың Еңбекші ауданында инфрақұрылымды дамытуға арналған ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек баяндады.
Оның айтуынша, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, Еңбекші ауданында инфрақұрылым жүйелерін дамыту туралы 2022-2025 жылдарға арналған «Жол картасы» қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасымен бекітіліп, жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінгі күнде шаһардағы Еңбекші ауданының аумағы 22 800 гектар құрап, халық саны 228 830 болды. Ауданда 18 тұрғын алаптар және 11 шағынаудандар бар. Еңбекші ауданында 728 көшелер мен өткелдер, 2 саябақ 3 гүлзар, 283 көпқабатты және 37061 жеке тұрғын үйлер орналасқан.
«Ауданда табиғи газ жүйесімен қамту көрсеткіші 90,7 пайызды құрайды. Оның ішінде: мемлекеттік жүйеде 73 пайыз, жекеменшік жүйедегі 17,7 пайызды құрайды. Қамтылмаған 9,3 пайызы мемлекеттік жүйемен қамту 2024-2025 жылдарға арналған жұмыс жоспарына енгізілген. Ал кәріз жүйесімен қамтылу жағдайы 41пайыз. Аудан аумағында «Ұлағат» шағынауданында кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталып, Қазіргі таңда құрылыстың сапасыз атқарылуына байланысты тапсырыс беруші экономикалық тергеу департаментіне тексеру жүргізуге жүгінген»,- деді Досбол Есілбек.
Жұлдыз тұрғын алабындағы көпқабатты 27 үйді (175 пәтер) кәріз жүйесімен қамту мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізілді. Базарқақпа, Достық көшесінің бойындағы көпқабатты тұрғын үйлерге (270 абонент) кәріз жүйесін жүргізу «Шабыт-21» ЖШС-і тарапынан ЖСҚ әзірленуде.
Еңбекші ауданының қазіргі таңда ауыз сумен қамту көрсеткіші 97%-ды құрайды. 2024 жылы Жастар көшесі мен «Қазығұрт» станция аумағындағы 102 абонентті және Оңтүстік-Жаңақұрылыстағы 989 абонентті сапалы ауыз сумен қамту мақсатында ЖСҚ әзірлеу жоспарланған.
Ал электр жарығы бойынша аудандағы 29 шағынаудан мен тұрғын алаптардың электр жүйесімен қамту көрсеткіші мемлекеттік 98,6 пайыз, жекеменшік жүйе 1,2 пайыз ал қамтылмаған 0,2 пайыз (жаңақұрылыс учаскелері) құраған.
2023 жылы Исфиджаб, Достық (1356 абонент) тұрғын алаптардағы жеке меншік жүйедегі электр желісің ауыстыру үшін «DIAS Проект» ЖШС мердігер мекемесі тарапынан ЖСҚ әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Одан бөлек, ОЖТ тарапынан 9 трансформатор ауыстырылып, 16,7 шақырым желі жаңартылған.
Қазіргі таңда, «Сайрам» жобасы бойынша бастапқы қаржы қаралып, «Қазеурострой» ЖШС мердігер мекеме болып анықталды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылға дейін жалғасады.
JQ-Aqparat
Сурет: Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі