
Шымкент қаласында тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында сенбілік кеш жобасы қолға алынды. 27 шілдеден бастап Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен «Шым қала кештері» атты OPEN AIR форматтағы концерттік іс-шаралары қала тұрғындарына ерекше мәдени демалыс сыйлауда. Бұл жобаның негізгі мақсаты – қала тұрғындарына ерекше мәдени демалыс пен көтеріңкі көңіл күй сыйлау, тұрғындардың мәдени демалысын жақсарту, деп хабаралайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Әр сенбі сайын бір мезгілде өткізілетін концерттер Шымкенттің түрлі гүлзарлары мен саябақтарын да қамтуда. Бүгін қаладағы «Спутник», «Big Tulip», «Шымсити», және «Наурыз парк» гүлзарлары мен саябақтарында өткен іс-шаралар қайталанбас эмоцияларға толы ерекше көңіл күйде өтті.
Шымкент қаласының тұрғыны Жанар Елемесованың айтуынша мүндай сенбілік кештер қала тұрғындарына ерекше көңіл-күй сыйлайды екен.
Ол: « Біз отбасымызбен әр сенбіні асыға күтетін болдық. Балаларым да жазғы демалыстарын қызықты өткізіп жатыр. Кешкі серуенді отбасылық дәстүрге айналдырдық. Көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын жобаны ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Біздің сұлу қала әрқашанда мәдениет мен өнердің ордасы. Өнерпаздарға қарап балаларымыз да ерекше әсер алуда. Қаламызда осындай жобалардың жиі болғаны қуантады»,-дед
«Спутник» және «Big Tulip» гүлзарларында өткен концертте «Шымкент концерт» концерттік ұйымының әншілері эстрадалық әндермен тыңдармандарды қуантса, «Шымсити» саябағында өткен концертте «Шымкент – Цирк» әртістері эстрадалық оркестрмен жанды дауыста ән шырқап, цирк қойылымдарымен балалар мен ересектерге ұмытылмас сәттер сыйлап көрерменнің көңілін көтерді.
Ал «Наурыз парк» алаңында өткен концертте Өзбек драма театрының әртістері көрермендерді ерекше көңіл-күйге бөлеп, өз өнерлерін паш етті. Ашық аспан астында өткен театрланған қойылымдар көрермендерге рухани демалыс сыйлады.
Айта кету керек, өткен аптада «Арбат» демалыс аймағы мен «Шымсити» саябағында да «Шым қала кештері» концерті өтіп, қала тұрғындарына көңілді кештер ұсынған болатын. Алдағы уақытта аталмыш іс-шара өз жалғасын таба бермек және тұрғындар мен қала қонақтарына қаламызда өтіп жатқан мәдени шаралар туралы ақпаратты әлеуметтік желілер арқылы қадағалап, қаладағы мәдени өмірдің бөлігі болуға шақырамыз.
JQ-Aqparat
Сурет: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі