Шығыс Қазақстанда жол-көлік апатынан 8 адам зардап шекті. Шығыс өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағының құтқарушылары соққыдан мыжылған автомобильден бір адамды шығарып, оның өмірін құтқарып қалды.
ТЖ департаментінен хабарлағандай, 18 маусым күні ШҚО Ұлан ауданындағы тасжолда екі жеңіл автомобиль соқтығысты. Жол апаты салдарынан 8 адам, соның ішінде үш бала зардап шекті. Оқиға орнына Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері мен құтқарушылар жетті. Құтқарушылар зардап шеккендерді көліктерден шығарып алып, оларға дәрігерлер көмек көрсетті. Көліктер соққы салдарынан қатты майысқан, бір адам автомобильдің ішінде қысылып қалған. Мамандандырылған жасақтың құтқарушылары гидравликалық құралдың көмегімен оны металлдың арасынан шығарып алды. Төтенше жағдайды жою үшін медицина және апат орталығының, ШӨАЭҚЖ және мамандандырылған жасақтың құтқарушылары жұмылдырылды.