
Шетелдіктер қазақ сөздерін кирилл және латын әліпбиінде оқып көрді. Видеоблогер Данияр Еникеев шетелдіктердің қазақтың жаңа алфавиті жайында пікірін білген екен. Ол «балалар», «сәбіз», «балық», «азамат», «жол», «қазақ» сөзінің кириллица және латын әліпбиіндегі нұсқасын тәжірибе жүзінде ұсынды.
Бұдан не шыққанын Данияр Еникеев өзінің «Путешествие казаха» атты блогында көрсетті.
Шетелдіктердің көбі кириллица нұсқасын оқи алмай әлекке түсті. Бірақ латын нұсқасында жазылған сөзді де әр түрлі оқыды. Мысалы үшін «сибиз», «сабич» деген нұсқалар да болды.
«Балық» сөзін кирилл нұсқасында «бачибик», «бацибик» деп оқыса, латын нұсқасында дұрыс оқып шықты. «Азамат» сөзін де латын нұсқасында қатесіз оқып шыққанын көреміз.
Шетелдіктер кирилл нұсқасындағы «жол» сөзін оқығанда қатты қиналып қалды, тіптен қалай оқылатынын да білмейміз деп күліп жатты. Ал латын нұсқасын «золь» немесе «зол» деп оқыды.
«Балалар» сөзі де біршама қиындық туғызған секілді, көбі «балалап», «бачажап» деп оқыса, латын нұсқасын оңай оқып шықты деуге болады. «Qazaq» сөзін латын тілінде еш қатесіз оқыды. Олар қазақ тілін латын әліпбиімен оқу оңай екенін айтады. Ал кириллицада оларға тіптен таныс емес әріптер кездесіп, түсініксіздеу болды.