«Шейх Халил» деген кім? 

21 ақпан 2017, 16:24

  Осы аптада  Сауд Арабиясынан елімізге  Әбдухалил Әбдужаппаров қайтарылды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомствоның таратқан хабарламасында «Ол 2015 жылдан бастап, ҚР Қылмыстық кодекстің 174-бабы (діни алауыздықты қоздыру) және 256-бабы (терроризмді насихаттау) бойынша көзделген қылмыстарды жасады деген күдікпен халықаралық іздеуде болғаны»,- айтылған.  Сондай-ақ  «Әбдужаппаров 2000 жылдары еліміздің батыс облыстары діндарлары арасында «тәкфір» аталмыш идеясын таратқан. Жалған уағыздаушының әрекеті Ақтөбе, Атырау және Орал қалаларында жасырын радикалды ұйымдардың пайда болуына ықпал еткен», — делінген.

Төменде оралдық журналист Ұлдай Сариеваның «Жас қазақ» газетінде жарық көрген «Шейх Халил» деген лақап атпен танымал Әбдухалил Әбдужаппаров туралы мақаласын ұсынамыз.

 Ашынған ана, Сирияға кеткен бала

Соңғы жылдары исламды бұрмалаудың кесірінен талай қазақ жастары жат ағымның жетегіне түсуде. Олар вахаббиттік идеяны қолдап, намаз оқымағаны үшін ата-ана, туыстарын «кәпір», олардың пісірген тамағын «харам» деп, қағынан жиреніп, безуде. Мұның ақыры террористік ұйым «Ислам мемлекеті» деген жалған атпен танылған теріс ұйым құрамына қосылу үшін Сирияға кетумен аяқталуда. Көбі сол жақта өлім құшуда. Не үшін? Кім үшін? Бұл сұраққа жауап іздеген олардың ата-аналары құзырлы органдарды аралап, шарқ ұруда. Олардың ұл-қыздарын кімдер теріс жолға салып жатыр? Аялап өсірген, бақытына балаған перзенттері оларға неге қайғы әкелді? Бұл сұрақтарға кім жауап береді? Ұлдары Сирияға кетіп, соғыста өлген, немерелері жат елде қалған ата-аналардың қасіретіне, көз жасына кім жауапты? Салмағы мың атан түйеге жүк болатын бұл күнәлар кімнің мойнында?

Қазақ «Шыдамның да шегі бар» дейді. Сол шыдам таусылды. Таусылмай қайтсін, түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүт беріп өсірген перзентін біреу азғырып, отбасынан, ата-ана құшағынан тартып алып жатса?! Сирияға кеткен қазақ жастарының ата-аналары ашынып, жоғарыдағы сұрақтарға жауап іздеуге шықты. Олар облыс мешіттеріне келіп, исламды бұрмалап теріс бағытта жүргендердің жауап беруін талап етіп, адасып жүргендерді дұрыс жолға шақыруда. Солардың бірі – Айнаш Төлеева жақында облыстық мешітке келіп, жамағаттың алдында сөз сөйледі.

– Жалғыз ұлым еді, – деді ана көз жасы төгіліп. «Намаз оқимын» деген соң «жаман нәрседен аулақ болады ғой» деп ойладым. Бірақ керісінше болды. Ұлым үмітімді ақтамады. Имамдардан үйренбей, теріс жолда жүргендердің ықпалына түсіп кетті. Бір түнде балам маған айтпастан, Сирияға кетіп қалды.Төрт ай бойы іздедік, күттім, төрт айды ұйқысыз өткіздім, жүрегім жаралы, ауырады… Сосын… ол Сирияда өліпті. Ол жақта келінім мен екі немерем қалды… Ұлым не үшін өлді, кім үшін өлді? Неге?

 

Ағайынды Қаратағановтар

Терроризм бабы бойынша сотталған ағайынды Қаратағановтардың анасы Меңдіғаным Каюпованың да жағдайы мәз емес. Ол екі ұлының әйелдері мен 8 баласының, өзінің де қатты қиналғандарын көзіне жас ала отырып, әңгімеледі. Атышулы Ернұр Ахатовтың ісі бойынша, яғни 2012 жылы Орал қаласында жарылыс жасауды жоспарлап, іске асырғалы жатқанда қолға түскен Ахатовтың тобында болған Қаратағановтар 6 жылға сотталып, Ақмола облысының Державин қаласындағы түрмеге жіберілген еді. Жігіттердің анасы М.Каюпова етегі жасқа тола жүріп. Оралдағы құқық қорғау органдарын жағалап, ұлдарын Оралдың түрмесін ауыстыруын сұраған еді. Қаратағановтар 2015 жылдың 13 желтоқсанында Орал қаласындағы РУ-170/2 еңбекпен түзету мекемесіне ауыстырылды.

«Біз адасқанымызды түсіндік. Түрмеден шыққан соң анамызды аялап, отбасымызды асырап, балаларымызды дұрыс жолға тәрбиелейміз» – дейді олар Алтынбек 1981 жылы, Асылбек 1983 жылы Жаңақала ауданында дүниеге келген. Әкелері ерте қайтыс болып, анасы Меңдіғаным тәрбиелеп өсірген. 1987 жылы Зеленов ауданының Балаған (Жаңа таң) ауылына көшіп келген. Олардың айтуынша, топта әркімнің өз міндеті, атқарар жұмысы болған.

Асылбек бір қалаға тұрақтамай, Алматы, Бішкек асып жүрген Е.Ахатовқа қалаға келген кезде жасырын пәтер дайындаумен және ақша жинаумен айналысқан. Олар жарылыс заттарының қалай жасалғанын, қандай екенін, блиндаждың қай жерден, қалай қазылғанын көрмеген. Алтынбек Ернұрмен 3 рет қана кездесіпті. Соңғы кездесуде Ернұр 2011 жылы Ақтөбе, Атырау қаласында болған терактілер туралы әңгімелеген. «Мечта» демалыс орнына таяу, Жайықтың жағасында түнгі алаудың жарығымен бейне– ролик түсіріп, ұстазы «Халилге» жіберген. Оралда теракт жасау туралы рұқсат сұраған.

«Халил» деген кім?

Елімізде «Халил» деген лақап есіммен белгілі Әбдухалил Әбдужаппаров Пәкістаннан келіп, еліміздің батыс өңірінде болғаны белгілі. Ол 2007 жылы Арабияға кетіп, қайта оралмаған. 1975 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында туған. Ұлты өзбек. Қазақстан азаматы. 1990 жылдары Пәкістанда, Шымкент казақ-кувейт университетінде білім алған. Шымкентте мешіт имамы болған, 2000 жылдың басында исламның радикалды бағыты – вахабийлік жолға түседі.

2003 жылы Атырау қаласына келіп, заңсыз тұрғызылған Рембазадағы мешіттің имамы болады. «Халил» жастарды вахабийлік жолға тартып, «таза ислам жолы осы» деп көрсетіп, азғырады. Мешіттің заңсыздығы прокуратурамен әшкереленіп, Ә.Әбдужаппаров Атырау қаласынан кетуге мәжбүр болады.

«Халилдің» Оралға келуі

2004 жылы «Халил» Орал қаласына келіп, жалдамалы пәтерде тұрып, облыс жастарын вахабийлік бағытқа салумен айналысады. Еліміздің Батыс өңірінде вахабизмнің дамуына зор ықпал еткен. Яғни жоғарыдағы аналарымыздың көз жасының сұрауы да осы «Халилдің» мойнында деген сөз. 2006 жылы үстінен қылмыстық іс қозғалған «Халил» Сауд Арабиясына қашып кетеді. Бұдан әрі ол дәріс жазып, оны ғаламтор арқылы таратады және еліміздің түпкір-түпкіріндегі салафилермен телефон арқылы хабарласып, бағыт беріп отырады. Соның кесірінен облыс жастары Мысырға аттанып, жасырын марказдарда (жалған діни оқу орындарында) оқып, көбі халықаралық террористік ұйымдарға мүше болып кетті. Соның бірі – оралдық Нұржан Ерғарин 2013 жылы Пәкістандағы әскери базаға жарылыс заты орнатылған көлікпен барып соғылып, өзін-өзі жарды. Ал «Халилдің» шәкірттері Е.Ахатовтың Орал қаласында бірнеше жерде жарылыс жасауды ұйымдастырғаны белгілі.

 

«Халил» Мәдинада ұсталды

2015 жылы желтоқсан айында «Халил» Сауд Арабиясында қолға түсті. Қасында оралдық Мақсат Мұратқалиев және еліміздің өзге де азаматтары болған. Бұл туралы шетелдік ақпарат көздері шулап жазды. Сауд Арабиясының билігі көші-қон заңына сәйкес әрі жалған жихадтық көзқарасқа қатысы бар тұлғаларды анықтау мақсатында елдегі шетелдіктерді тексеруге алады. Ұсталғандар Сириядағы содарлармен тығыз байланыста болғандығы анықталған. Сөйтіп, еліміздің батыс өңірінде «вахабизмді» дамытқан, жалпы Қазақстан бойынша исламның теріс ағымын насихаттап, талай қазақ шаңырағын ортасына түсірген, талай надан, діни білімсіз, албырт жастардың Сирияда өлім құшуына себепкер болған күнәһар, әккі қылмыскер сыбайластарымен бірге темір торға қамалды.

 

Ұлдай Сариева

«Жас қазақ» мұрағатынан

18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды