Үндістан мен Пәкістан Шанхай ынтымақтастық ұйымы қатарына қосылады. Бұл туралы сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов айтты деп хабарлайды jasqazaq.kz тілшісі.
«Үндістан мен Пәкістанның Шанхай ынтымақтастық ұйымы қатарына кіруінің тарихи маңызы бар. Шешімді Астанада жиналатын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің мемлекет басшылары қабылдайтын болады. Бұл рәсімге өздеріңіз күә боласыздар. Сонымен қатар мемлекет басшылары Астана декларациясын және Шанхай ынтымақтастық ұйымының экстермизмге қарсы конвенциясын қабылдайды. Сондай-ақ тағы басқа шешімдер қабылданады. Ал отырыстың бағдарламасына тоқталатын болсақ, 8 маусым күні шетелдік делегацияларға арналған мерекелік концерт өтеді. Ал негізгі отырыс – 9 маусым күні. Шанхай ынтымақтастық ұйымы басшыларының саммиті аяқталған соң кешке қарай ЭКСПО-ның салтанатты ашылу рәсімі болады. 17 мемлекеттің президенттері мен үкімет басшылары осы шараға қатысады деп күтілуде», — деді Қайрат Әбдірахманов үкімет отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында.